Үй алуға өтінішті кімдер бере алады?

Ақп 20, 2025

Жыл басынан бері облысымызда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде тұрғын үйлерді сатып алу конкурсына қатысуға өтініштер қабылданады. Аталған бағдарлама аясында жуырда Павлодар қаласының Достық шағын ауданында орналасқан Ладожский көшесі, 19-үйді сатып алуға конкурс жарияланды. Пәтер алуға кімдер үміткер бола алады? Қатысушыларға қояр талаптар қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламовпен әңгімелестік.

—  Арман Тоқсанбайұлы, шаһардағы тұрғын үй сатып алуға іріктеу жүріп жатқанынан хабардармыз. Бұл конкурсқа кімдердің қатысуға мүмкіндігі бар?

— Конкурсқа I және II топтағы мүгедектігі бар балалар мен егде жастағы адамдар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы жанұялар және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар енеді. Жаңа концепция бойынша конкурсқа үй кезегінде тұрған барлық азамат та қатыса алады. Дегенмен бірінші пункттегі адамдарға басымдық беріледі. Сондай-ақ, олардың өтініштері бойынша тұрғын үйді бөлу кезінде оларға төменгі қабаттағы пәтерлер қарастырылады. Қатысушыларды іріктеу есепке қою күні бойынша жүзеге асырылады.
1 шаршы метр тұрғын үйдің бағасы 160 мың теңгені құрайды.

— Өтініштер қалай қабылданады?

— Өтініштерді қабылдау осы айдың 26-ына дейін жалғасады. Өтініш беру Otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрған банк салымшыларынан ғана қабылданады. Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе негізінде жүргізіледі. Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін арнайы құрылған комиссия жиналған ұпайлар бойынша бағдар-ламаға қатысушыларды іріктейді.

— Ал негізгі шарттары қандай?

— Тұрғын үй конкурсына қатысушы адамның жинақ шотында қарыз сомасының кемінде 10 пайыз жинағы болуы қажет. Сол кезде ғана конкурсқа қатыса алады. Кейін үміткерлер міндетті түрде зейнетақы жарналарының тұрақты түсімі көрсетілген құжатпен растауы қажет.

— Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Айдана БОРАНБАЕВА.