Аудан орталығында көктемгі су тасқынының алдын алуда қар тазалау жұмыстары қарқын алып, жылыту пункттері дайындалуда.
Ертіс ауылы әкімінің орынбасары Азамат Бекпауов мұндай жауапты міндет келісімшарт аясында «Оразбаев» шаруа қожалығына жүктелгенін айтады. Қожалық иелігінде қарды итеру құралымен жабдықталған үш МТЗ-82 тракторы, автогрейдер, К-700 тракторы, жүк тиейтін техника және шұғыл жағдайда қажетті үш КамАЗ көлігі бар. Аталған техникалар Ертіс ауылындағы 37 көшені қардан тазалауға қауқарлы.
Шаруашылық ауыл көшелеріне түскен қар мөлшерін бақылауда ұстайды. Қар қалың түсіп, ақ түтек боран соққан жағдайда «Өрлеу» ЖШС мен «Ертіс ауызсу» мекемесіндегі екі МТЗ-82 тракторы, 2 жүк тиегіш, бір эскаватор, үш КамАЗ техникасы мен қосымша тартылады. Жолда қалған жолаушылар жылыту пунктіне орналастырылады. Мұндай жағдайда Ертіс агротехникалық колледждің жатақханасы пайдаланылады. Осылайша, аудан орталығы табиғаттың тосын мінезіне қамдануда.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.