Облыс орталығы жыл өткен сайын құлпырып, оның көз тартар көрікті жерлері көбейе түсуде. Бұған дейін қалада 21 саябақ болса, олардың қатарын биыл 17 шағын алаң толықтыратын болады. Кейбір пайдаланылмай тұрған жерлер енді тұрғындардың сүйікті демалыс орындарына айналмақшы.
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков соңғы жылдары облыс орталығында 21 шағын алаң салынғанын тілге тиек етіп, өткен жылы олардың қатарын сегіз саябақ толықтырғанын жеткізді. Айтуынша, 2021 жылдан бастап Павлодар қаласында тұрғындардың жайлылығы үшін тұрғын үйлерге жақын орналасқан, қолжетімді демалыс орындарын абаттандыру жұмыстары басталды.
— Қазіргі уақытта қаланың түрлі шағын аудандарында 21 шағын саябақ жабдықталды. Бұл демалыс орындары павлодарлықтар тарапынан оң бағаланды. Тұрғындарға үйлеріне жақын жерде жайлы демалу мүмкіндігін беруде. Биыл облыс әкімінің қолдауымен бұл жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Қаладағы әртүрлі шағын аудандарда, оның ішінде екінші Павлодар, МДС, Достық, Химқалашық шағын аудандарында 17 шағын саябақты абаттандыру көзделуде. Жұмыстарды мамыр айында бастап, шілде айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Абаттандыру жұмыстарын сапалы және уақытылы орындауды тапсырдым, — деді ол.
Сонымен қатар, шаһар басшысы әр шағын аудандағы белсенді тұрғындардың өтініші ескеріліп, барлық абаттандыру жұмыстары әкімдік өкілдерімен келісіліп жүргізілетінін атап өтті. Мәселен, өткен жылы Ертіс өзенінің жағалауында орналасқан «29 ноябрь» көшесінде бой көтерген шағын саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгерді. Аталмыш көшенің тұрғыны Ақпар Жүсіповтің айтуынша, облыс орталығында жыл сайын саябақтар көбейіп, демалуға, серуендеуге және спортпен шұғылдануға арналған керемет орындар салынып келеді.
— Күнделікті қайнаған тіршілікте қала тұрғындары демалып, сейіл құратын орындарды абаттандыру және көгалдандыру жұмысының маңызы зор. Өйткені сырт көз қала көркі дегенде алдымен саябақтардың жай-күйіне назар аударады. Былтыр өзім тұратын «29 ноябрь» көшесінің бойында шағын демалыс орны бой көтеріп, айналамыз ажарлана түсті. Енді қала тұрғындары мен қонақтары Ертіс өзенінің көркін мұндағы орындықтарда отырып-ақ, тамашалай алады, — деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, биыл жүзеге асуы тиіс жобаларда саябақтардың аумағын абаттандыруды, шағын сәулет пішіндерін, орындықтар, қоқыс жәшіктерін, жарықтандыру, суару жүйелерін, сондай-ақ, балалар мен спорт алаңдарын орнату қарастырылған.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.