Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментінде қоғам белсенділерінің, БАҚ өкілдерінің және мәслихат депутаттарының қатысуымен «Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің 2025 жылға арналған тарифтерін қарау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті.
Мамандардың сөзінше тарифтің өзгеруі «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігіне байланысты енгізіліп отыр. Енді күнделікті тұтынған тіршілік нәрі үшін төлем құны бірнеше топқа бөлініп, әртүрлі бағада есептеледі. Нақтырақ айтсақ, таза ауызсумен қамтамасыз етуде есепке алу аспаптары бар жеке тұлғалар үшін – 76,67 → 119,56 теңге/м³, есепке алу аспаптары жоқ жеке тұлғалар – 115,07 → 179,44 теңге/м³, заңды тұлғалар (басқа тұтынушылар) – 307,24 → 479,10 теңге/м³-ден және заңды тұлғалар (бюджеттік ұйымдар) – 732,48 → 1142,21 теңге/м³-ден есептеледі. Ал, ағынды суларды қолданғаны үшін заңды және жек тұлға – 34,50 → 46,61 теңге/м³, басқа тұтынушылар – 278,60 → 376,42 теңге/м және бюджеттік ұйымдар — 352,29 → 475,98 теңге/м³ төлейді. Бұдан басқа, техникалық сумен жабдықтау үшін жеке тұлғаларға – 33,01 → 53,74 теңге/м және басқа тұтынушыларға – 105,65 → 171,99 теңге/м³ қызмет құны қымбаттайды.
— Тарифке әсер етіп отырған негізгі факторлардың ішінде стратегиялық тауарлар құнының өсуі, көмір, мазут, дизель отыны, газ, электроэнергия және өзге де негізгі құралдар құнының өсуі әсер етуде. Сондай-ақ, тариф құнын арттыру күрделі және ағымдағы жөндеулер, өндірістік персоналдың еңбекақы төлеу қорын индекстеу үшін қажет, — деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінде.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде инфляцияның биыл 10 пайызға өсуіне негізгі себептің бірі коммуналдық тарифтердің қымбаттауы түрткі болған. Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы 2029 жылға дейін жалғасады. Яғни, бұл жоба бойынша әлі 4 жыл бойы коммуналдық тарифтер үздіксіз өседі деген сөз.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.