Жуырда өңірлік балалар музыка және өнер мектептерінде білім алып жатқан жас музыканттардың арасында 58-ші облыстық фестиваль-байқауы өтті. Жаңа жұлдыздардың есімін анықтайтын байқауға облысымыздың аудандық өнер мектептерінің шебер аспапшылары қатысты.
Аталмыш фестиваль облыс бойынша музыка саласында білім алушылардың біліктілігін арттыру, шығармашылық ұжымдарды жетілдіру және кәсіби бағдарын ынталандыру мақсатында өткізілуде.
Жастардың әлеуетін арттыратын сайысты Павлодар облысының білім беру басқармасы мен «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені бірлесіп ұйымдастырды.
Әр баланың бейімділігін байқап, білімін жетілдіретін, дұрыс бағыт-бағдар беретін ұстаздардың еңбегі зор. Олар — шәкірттеріне алаңдап, жетістіктеріне шынайы қуанатын жандардың бірі.
– Мұндай жартығасырлық тарихы бар мазмұны терең байқаудың өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бүгінде белгілі музыканттар осы колледжде шеберліктерін шыңдап, бірталай жетістікке қол жеткізді. Демек, жас буынға бұл байқаудың берері мол, маңызы зор. Қазылар алқасы қатарында әділ баға беретін мәдениет саласындағы құрметке ие белді мамандары қатысып отыр. Бағдарламалық жасақтаманы орындаған, музыкалық аспаптағы өнерін жеткізе білген, сахна төрінің тәртібін жоғары деңгейде көрсеткен қатысушылар міндетті түрде жүлделі орындарға ие болады деген сенімдемін, – дейді Павлодар облыстық музыкалық колледж-интернат кешенінің басшысы Серік Сыздықов.
Қазақ ұлттық және орыс халық аспаптары аталымына ие болуға ниет білдіргендердің қатарында Павлодар қаласының балалар музыка мектептері, Екібастұз қаласының Естай атындағы балалар музыка мектебі, Шарбақты, Ертіс, Тереңкөл аудандарының өнер мектептері, Май ауданындағы «Байғабыл Жылқыбаев атындағы балалар өнер мектебі», «Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебі», Железин ауданының өнер мектебі, Ақтоғай өнер мектебі тәрбиеленушілері болды.
Сондай-ақ, байқаудың жеті жасар қатысушысы, Атамекен ауылынан келген Нұримран Ниязбек көптің көңілінен шықты. Баян аспабында «Дунайға жол тартқан қазақ» атты шығармасын орындап, қазылар алқасы мен көрерменнің көзайымына айналды.
– Баян ауыр аспап болғанымен, оның қатты дыбысталуы өзіме ерекше ұнайды. Бүгінде 6-7 өлеңді жатқа білемін, – дейді жас талант.
Сайыс қорытындысы бойынша, Тұмар домбырашылар мен Маэстро гитаристер ансамблі және өнер мектептерінің солистері Айша Жанбосынова, Никита Храмов, Мәди Құрманғазы гран-при иегерлері атанды. Жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алып, өңіріміздің намысын қорғайтын болады.
Салтанат ҒАББАС,
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.