АЭС салынатын орын белгілі болды

Ақп 27, 2025

Еліміздегі алғашқы атом электр станциясы Алматы облысында салынбақ. Бірақ әзірше нақты қай компания құрылысты қолға алатыны белгісіз.

Бұрнағы күні Үкімет Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу орнын ресми түрде бекітті. Тиісті қаулы ресми нормативтік актілер базасында жарияланды.

— Ядролық қондырғы – «Атом электр станциясы» құрылысын жүргізу орны ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданы белгіленсін, — делінген құжатта.

Премьер-министр Олжас Бектенов аталмыш құжатқа 30 желтоқсанда қол қойған. Дегенмен бұйрық 25 ақпанда, яғни жарияланған күні күшіне енді.

Еске сала кетсек, өткен жылдың 6 қазанында елімізде атом электр станциясын салуға қатысты республикалық референдум өткен болатын. Оған барлығы 7 миллион 820 мың 204 адам қатысып, ұсынысты құптайтынын немесе құптамайтынын білдірді. Нәтижесінде ел бойынша 5 561 937 адам оң шешуге дауыс берсе, 2 045 271 сайлаушы қарсылық танытты.

Ал біздің облыс бойынша референдумға өңірдегі дауыс берушілердің 328 512-сі қатысты. Олардың қатарында 221 279 адам сауалдың оң шешімі үшін дауыс берді. Сауалдың теріс шешімі үшін дауыс берген аймақ азаматтарының саны — 96 383 адам.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.