Көктемгі егіс науқанында отандық шаруаларды қолдау үшін Үкімет резервінен 116 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көктемгі егіс пен жиын-терім жұмыстарына кемінде 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз етуге тапсырма берген болатын.
«Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты. Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн», — деді Қ.Тоқаев.
Осы ретте Президент «тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет» екенін тағы да бір рет еске салды.
Ендігі жерде Үкімет Президенттің тапсырмасын іске асыруға кірісті. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолжетімді несие арқылы қолдау және шаруалардың қаржылық жағдайын тұрақтандыру мақсатында, қаулыға сәйкес, Үкімет резервінен шамамен 116 млрд 772 млн теңге бөлу қарастырылған. Қаражатты 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін, сондай-ақ отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға бағыттау жоспарланған. Бұл әрі қарай елде өндірілген және құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға, кейін оны лизингке беруге, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан несие шарттарын кепілдендіру кезінде комиссияны арзандату үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау арқылы жүзеге асырылады.
Еске сала кетейік, Президент тапсырмасы бойынша Үкімет 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарына қаржыландыру көлемін арттыру мақсатында алғашқы 100 млрд теңгені 2024 жылдың желтоқсанында бөлген болатын.
Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.