Алдағы уақытта Павлодар облысында мұнай-химия саласындағы тағы бір кәсіпорын ашылуы мүмкін. Қытайлық инвесторлар біздің өңірде катализатор шығаратын өндіріс орнын салуға бейілді болып отыр.
Мұнай өңдеу саласына қатысты аталмыш жоба облыс әкімі Асайын Байханов пен қытайлық «Rezel Catalysts Corporation» компаниясы және «КМХ-Катализаторы» ЖШС өкілдерімен өткен кездесу барысында талқыланды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«КМХ-Катализаторы» ЖШС бас директоры Самат Ордабай аймақ басшысына катализаторлар мен адсорбенттердің қытайлық жетекші және әлемдік өндірушісі, мұнай өңдеу процестерінің әртүрлі лицензиясы бар және мұнай-химия саласындағы табысты, инновациялық өндіруші компаниялардың бірі саналатын «Rezel Catalysts Corporation» компаниясын таныстырды. Қытайлық компания облысымызда 45 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жылына 10 мың тонна FCC-катализатор шығаруға әзір. Бұл ретте жобаға 12 млрд теңге көлемінде жеке қаражатын құюға да дайын.
Аймақ басшысы Асайын Байханов әлеуетті инвесторларды қолдап, каталитикалық жүйелер есебінен отандық мұнай өңдеу кәсіпорындарында қайта өңдеу маржасының айтарлықтай артатынын атап өтті.
Ал «Rezel Catalysts Corporation» директорлар кеңесінің төрағасы — бас директоры Чжоу Жуншэн Rezel компаниясының озық технологиясын, оның ішінде ауыр металдарға төзімді технологиямен сирек кездесетін элементтері жоғары Ү цеолитін пайдалану туралы айтты. Сондай-ақ, көмір химиясына инновациялық технологияларды енгізуді бірлесіп талқылады.
Кездесу соңында Павлодар облысының әкімдігі, «Павлодар» АЭА басқарушы компаниясы» АҚ, «Rezel Catalysts Corporation» және «КМХ-Катализаторы» ЖШС арасында инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойылды.
Өз тілшіміз.
Суретті түсірген — Валерий Бугаев.