Биыл Баянауыл ауданына қарасты Жаңатілек ауылында бірқатар игі істер қолға алынбақ. Атап айтқанда, мемлекеттік «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып, жаңа спорт алаңы салынады деп жоспарлануда. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстардың алды басталып та кетті.
Жаңатілек ауылдық округінің әкімі Марғұлан Әлжановтың айтуынша, ағымдағы жылы аталмыш елді мекен «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына еніп, біраз ауқымды жұмыстар жүргізіледі деп күтілуде. Соның бірі – ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу шаралары.
— Бұған дейін Жаңатілек ауылындағы ішкі жолдар мүлдем жөнделмеген. Биыл бірінші рет елді мекендегі 4,640 шақырымды құрайтын жолға асфальт жамылғысы төселетін болады. Қазіргі уақытта қажетті материалдарды ауылға жеткізу жұмыстары қызу жалғасуда. Әзірге 6 мың тонна қиыршық тас әкелінді. Мердігер әлі де керек-жарақ заттарды тасумен айналысуда. Жер қарая салысымен жол жөндеу жұмыстарына кіріседі, — дейді округ әкімі. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама аясында ағымдағы жылы ауыл көшелеріне жарық шамдар орнатылмақ. Яғни, бұған дейін түн болса қараңғылық басатын көшелер енді жарқырап тұратын болады. Жаңатілекте атқарылатын осынау жарқын істерге тұрғындар дән риза. Солардың бірі, ауылдың байырғы тұрғыны әрі тумасы Алтынбек Кәрібайұлы:
— Жаңатілек — қазақи әрі болашағы зор ауыл. Биыл елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша біраз жұмыстардың атқарылатынына өте ризамын. Өзім аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі болғандықтан, елдік мәселелерге жиі араласып, қолдан келгенше үлес қосуға тырысып жүремін. Қуантарлығы, осы жылы тұрғындардың талап-тілегінің арқасында ауылымызда көп ілкімді іс атқарылмақ. Яғни, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылмақ. Сондай-ақ, ел ертеңі болар балаларымыз дұрыс жолмен жүріп, жаман әдетке бой алдырмай, пайдалы іспен, спортпен айналысса екен деп тілейтінбіз. Сол тілегіміз қабыл болып, арманымыз орындалып, жаңа спорт кешені салынады деп жоспарлануда. Ал болашақта балабақша бой көтермек. Біз үшін бұл — қуантарлық жағдай, — дейді. Сонымен қатар, ол осыдан бірнеше жыл бұрын ауылға мешіт салынғанын, қазіргі уақытта тұрғындар имандылыққа бет бұрып, ауыл дүкендерінде ішімдік атаулы мүлдем сатылмайтынын, тойлардың да халал өтіп жүргенін атап өтті.
— Айта берсем, ауылда ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалық көп. Бастысы, халық ұйымшыл. Ендігі кезекте ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында да біраз бастамалар қолға алынуда. Мәселен, жастарымыз атқа міну мәдениетін, ат спортын дамыту үшін ауылдың шет жағына, яғни 2 шақырымдай алыс жерде ат шаптыратын орын, арнайы сахна жасап, ат мүсінін орнату ісімен айналысуда. Бұдан бөлек, әкімдікпен бірлесіп көктемгі қар суынан ауылымызға төнетін қауіптің алдын алуға бағытталған қорған қою, бүлінген жерлерді жөндеу жұмыстары жүргізілді, — дейді Алтынбек Алданжар.
Ауыл әкімінің айтуынша, жақында елді мекенде ауызсу мәселесі де толығымен шешілген. Бұған дейін су болғанымен ішуге жарамаған екен. Жаңатілектік тұрғындар осы мәселені облыс әкімінің алдында көтеріп, көмек сұраған. Көп кешікпей аймақ басшысының тапсырмасы бойынша судың тұзды дәмі мен иісін жоюға мүмкіндік беретін сүзу жүйесі орнатылған. Нәтижесінде, су сапасы жақсарып, ауылдықтар таза ауызсумен толық қамтылған.
Осылайша, бір мыңнан астам халқы бар алыстағы ауыл ажарланып, көркейіп келеді. Дегенмен де, тұрғындарды алаңдататын мәселелер де жоқ емес көрінеді.
— Туған өлкемізді дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар үшін айтар алғысымыз шексіз. Алайда мені алаңдататыны – қыруар қаражатқа жолдар жөнделгенімен, ауыр жүк көліктерінің кесірінен бір-екі жылға жетпей қайтадан бүлініп қалатыны жанға батады. Қаншама еңбек, қаражат, маңдай тер далаға кетіп жатыр. Атқарушы органдар осы оқиғаны назарға алып, шара қолданса екен. Бұл — менің ғана емес, көптің тілегі, — деді сөз соңында Алтынбек Кәрібайұлы.
Шынымен де, осы мәселені ел аузынан жиі естіп жүрміз. Сондықтан атқамінерлердің құлағына алтын сырға дей отырып, «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейтіндей» бір шешімі табылса екен дейміз.
Нұржайна ШОДЫР.