Бүгінде Ораза уақытында ифтар, сухур деген қазақ арасында бұрыннан құлаққа сіңісті болмаған жаңаша атауларды қолдану сәнге айналған. Қазақ атамның аузынан шыққан «ауызашар», «сәресі» деген түсініктерді өз орнымен қолдану рухани байлығымызды білдірсе керек. Жуырда баспасөз мәслихатында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бұл діни терминдерді қазақша айту керек екенін баса айтып өтті.
— Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған бабаларымыз ана тіліміздегі сөздерді қолданған. Осы ретте жастарды діни терминдерді қазақша айтуға шақырамын. Өкінішке қарай, кейбір жас буын өкілдерінің ауызашарды — ифтар, сәресін — сухур деп айтып жүргені көңілге қаяу түсіреді. Сан ғасырдан бері мұсылмандық жолды ұстанған ата-бабаларымыз ауызашар, сәресі деген сөздерді қолданған. Біз де бабалар жолын ұстанған ұрпақ ретінде өзге тілден енген діни терминдерден барынша аулақ болып, өзіміздің ата-бабамыздан қалған жақсы сөздерді қолданып, өзіміздің ана тілімізге құрмет көрсетіп, қазақша сөйлеуге тырысайық, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ бас мүфти ауызашар беру рәсімінде жайылатын кез келген дастарханда ысырапқа жол берілмеу керектігін еске салды.
— Ислам дініміз адамға ешқашан қиыншылықты бұйырмайды. Сондықтан шамасы келген адам садақа мен ауызашар береді. Қарызға батып, ауызашар бергеннен гөрі, ауызашар беруге ниет қылып, яғни кішкене құрма немесе бір жұтым суды ауызашар ретінде берсе, соның өзі жеткілікті. Осы арқылы ауызашардың сауабын алады, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфти кәсіпкерлерді азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну керек.
— Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдарымен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күнін бекітті. Ортақ пәтуаға сәйкес, Алла қаласа биылғы қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады. Наурыз айының 26-сынан 27-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – Ораза айт мерекесі. Биыл Рамазан оразасы 29 күнге келіп отыр. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе дейінгі қауымдарға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп әмір еткен. Шариғатымыз бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар ол жолаушылар, науқас жандар мен сырқаты асқынып кетуінен қауіптенген адамдар, сондай-ақ жүкті немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстауды кейінгі уақытқа қалдыруына болатынын еске салды. Бұған шариғатымыз рұқсат береді. Ислам діні ауыз бекітуге, зекет пен садақа беруге шамасы келмейтін адамдарды ауыртпалықтан босатқан.
— Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап… Осы ретте баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Бұл айда тек табысқа кенелуге емес, ең бастысы Хақтың разылығы мен халықтың алғысын алуға асыққан абзал. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз, — деді Бас мүфти.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталатынын хабарлап отыр. Наурыз айының 26-нан 27-не қараған түн — Қадір түні, ал 30 наурыз — Ораза айт мерекесі.
Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілді.
— Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Біз де заман үдерісінен барынша қалыс қалмауға тырысып, қасиетті Рамазан айы қарсаңында арнайы бірнеше жобаны қолға алдық. Нақты айтқанда, MuftyatBot деп аталатын Телеграм-ботын іске қостық. Жаңа Телеграм-бот арқылы жалпы діни сұрақтарға жауап алуға болады. Яғни бұл жоба шариғат мәселелері бойынша ақпарат беруге және кеңес
ұсынуға арналған. Сонымен қатар, мүфтият мамандары облыс, қала, аудан және ауылдың, барлығын есептегенде еліміз бойынша 6 000 елді мекеннің ораза және намаз кестесін жоғары сапада ПДФ форматта muftyat.kz сайтына жариялады. Өзіңізге қажетті өңірдің ораза және намаз кестесін сайтымыздан және Телеграм боттан жүктеп алуға болады, — деді Бас мүфти.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.