Агрокеңес өтті

Нау 7, 2025

Астықты өлке Ертіс ауданында ауыл шаруашылығы саласының үздіктері бас қосып, агрокеңес өткізді.

Ауқымды жиынға аудан әкімі Нығман Жүсіпов, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайролла Нұрғажинов, Ресей Федерациясының Омбы қаласынан, Шығыс Қазақстан облысынан келген ірі қожалық иелері қатысты. Кеңеске қатысушылар ауыл шаруашылығы саласында жылдар бойы меңгерген тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысынан қатысқан «Астана-Бизнес» ЖШС-нің бас агрономы «Күнбағыс өсірудің технологиясы» тақырыбында баяндама жасап, осы саладағы 20 жылдық тәжірибесімен бөлісті. Ресейдің Омбы қаласынан арнайы қатысқан «Удобное» жеке кәсіпкерлігінің бас агрономы Сапар Базарбайұлы зығыр өсірудің қыр-сырын айтып берді. Бұл — себуі оңай болғанымен жинауы өте күрделі дақыл. Бүгінде Ертіс ауданында зығыр өсіруді қолға алған шаруалардың қатары артып келеді. Ғылымды егін шаруашылығымен байланыстырған жергілікті кәсіпкер Дәулет Бәкішев озық технологиялардың мүмкіндігіне тоқталды. Ол Ағашорын ауылындағы егіс даласында жылу қондырғыларын қолдануда. Шаруалар тәжірибелі әріптестерінен білмегенін сұрап, сауалдарына жауап алды. Жиын соңында аудан әкімі кеңес мүшелеріне толайым табыс тіледі.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.