Алдын алу амалы

Нау 7, 2025

Ауданда көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда. Ол үшін елді мекендердегі тау-төбе қарды еріп кетпей тұрып шығару шараларына ден қойылған. Мәселен, Прииртышск ауылында қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар ширатылған.

Прииртышск ауылдық округінің әкімі Руслан Арынғазиновтің айтуынша, қазіргі таңда көктемгі ықтимал су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыратын жедел штаб құрылған. Су басу қаупі бар аумақтардан қар шығаруға басымдық берілген. Қазіргі таңда 860 текше метр қар сыртқа тасылған. Сонымен қатар кәріз жүйелерінің дренажды-нөсер жүйелерін, су өткізу құбырлары мен науаларды тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Жағдай ушыққан жағдайда жедел әрекетке кірісетін мамандар, техникалар мен құрал-жабдықтар дайындалыпты. Жанар-жағармай қоры, инертті материалдар сатып алынған. Сонымен бірге, төтенше жағдай кезінде тұрғындарды орналастыратын орындар да қарастырылған. Ауылдық округ аумағындағы кәсіпорындарға ғимараттарды, үйлерді, іргелес аумақтарды қардан уақытылы тазарту жөнінде хабарламалар жолданған.

Г.МАҒЖАН.