«Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің облысымызда филиалы ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Алайда осы уақыт аралығында өз мақсатынан таймаған ұйым жанынан бірнеше бөлім ашылды. Солардың бірі – қыз-келіншектерге ұлттық құндылықтарды ұлықтауда, жанұялық мәселелерде шешуді мақсат ететін «Ақ босаға» жас келіндер мектебі.
Жуырда аталған ұйымның ұйымдастыруымен Жастар бастамаларын дамыту орталығында этнодизайнер Әсел Бейсекеева-
мен кездесу өтті. Кездесу барысында шебер ұлттық киімдер мен қолөнердің ерекшеліктері, қазақ сәнінің тарихы мен оның заманауи жаңғыруы туралы өз пікірімен бөлісті. Сонымен қатар, жастарға ұлттық дәстүрді сақтау мен дамыту бойынша практикалық кеңестер берді.
Әсел Бейсекеева — көпбалалы ана. Бүгінде ұлттық тәрбиеге бет бұрып, өзінің қолөнерін дамытып, мәдениетіміздің өркендеуіне аз да болса үлесін қосып жүрген жан. Оның қолынан шыққан бұйымдары бүгінде Америка, Европа, Оңтүстік Африка мен БҰҰ-да таралып, Павлодар облысы бойынша ұлттық киімдерімен танылып, көпшіліктің көзайымына айналып жүр. Павлодар қаласында «Қазақ аналары — дәстүрге жол» филиалы ашылғаннан бері мүшелікке кіріп, аналармен бірге ұлттық дәстүрімізді дамытуға атсалысуда.
— Тігіншілік өнер көп адамға ана сүтімен дариды. Сол секілді, бұл өнер маған да анамнан берілді. Менің негізгі мамандығым –
суретші. Ал бұл кәсіппен айналысып жүргеніме бес жылдай уақыт болды. Тігіншілік жолым құрақ-көрпе тігуден басталған. Бүгінде одан бөлек, этностильдегі киімдер мен сөмкелер тігемін. Оған қоса, қазіргі уақытта ұлттық әшекейлерге сұраныс жоғары. Сондықтан әшекейлерді де жасауды қолға алдым.
Жұмыстарымның ішіндегі ерекшесі – ол танымал эстрадалық әнші Калифарнияға тіккен күртешем. Оны өнер иесіне осыдан екі жыл бұрын «Ертіс Променад» сахнасында өткен концертте сыйға тартқан болатынмын, — дейді шебер.
Әселдің «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігіне мүше болғанына бір жылдан аса уақыт болған. Оның тігіншілік қабілетін байқаған ұйымның басшысы Айжан Әбсаттарова осындай шараны өткізуді ұсынған.
— Бұл Әселдің – сахнаға алғаш шығуы. Алайда оның есімі көпшілікке белгілі. Тіпті, оның туындыларына Америка, Германия секілді елдерден сұраныс түсіп жатыр. Біз осындай талантты да өнерлі қыздарымызбен мақтанамыз. Және де оларды әрдайым қолдауға тырысамыз, — дейді А.Әбсаттарова.
Шара соңында тігіншінің қолынан шыққан этностильдегі киімдерден дефиле ұйымдас-тырылды.
Айдана БОРАНБАЕВА.