Таяуда павлодарлық оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар білім сайыстарына қатысып, жүлделі оралды. Жерлестеріміздің жеңісі көп болсын дей отырып, жағымды жаңалықты оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.
Робототехника шеберлері
Алматы қаласында робототехника бойынша «Almaty Tech Cup-2025» халықаралық чемпионаты ұйымдас-тырылды. Оған он мемлекеттен 3 мыңнан астам жас инженерлер мен робототехниктер қатысты. Олармен бірге павлодарлық робототехника шеберлері де өз жетістіктері мен білімдерін көрсетті.
Шараның қорытындысы бойынша Павлодар қаласындағы №21 мектеп оқушыларынан құралған «Су астындағы саяхатшылар» командасы ІІ орынды, №29 мектептің «Robobot» командасы «Teamwork Award» аталымына ие болды. Сондай-ақ, аталмыш чемпионатқа алғаш рет Lego құрастыруды бастаған 4 — 6 жас аралығындағы балғындар қатысты. Олардың қатарындағы Павлодар қаласының №111 сәбилер бақша-сының «Су асты құрылысшылары» тобы ең жас команда атанды.
— Бұл балалар тазалауға арналған арнайы машиналар жинады. Чемпионат шарттарының бірі жылжымалы құрылысты құрастыру еді. Біз су астындағы қалаға жылу мен жарық беретін станция ұсындық. Балақайлар оны оңай қосып, қалай жұмыс істейтінін түсінікті етіп көрсетіп берді. Көпшілік балаларымыздың өнеріне тәнті болды. Қатысушылар кішкентай болғандықтан және робототехника бойынша өз жолдарын енді ғана бастағандықтан, оларға жас санаты бойынша «First Lego League Discover» аталымы берілді, — деді балабақша тәрбиешісі Антонина Шайхина.
Айта кетерлігі, аймағымызда мектеп жасына дейінгі балғындар өткен жылдан бастап робототехникамен айналысуда.
Зеректер анықталды
Ақмола облысына қарасты Щучинск қаласындағы «Балдәурен» респуб-ликалық оқу-сауықтыру орталығының базасында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша «Зерде» республикалық зерттеу жобалары байқауының қорытынды кезеңі өтті.
Бастауыш және орта буын оқушы-ларының зияткерлік-шығармашылық әлеуетін дамытуды мақсат еткен шараға облыс атынан 19 оқушы қатысты. Олар «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Орыс тілі мен әдебиеті», «Ағылшын тілі», «Медицина», «Психология», «Экология», «Тарих», «Өлкетану», «Этномәдениет», «Технология және өнер» секциялары бойынша 15 жоба ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша павлодарлық қатысушылар 12 жүлделі орынды қанжығаларына байлады.
Алты орын алды
Атырау қаласында гуманитарлық бағыт бойынша өткен республикалық ғылыми жобалар байқауына еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ден астам оқушы қатысып, білімдерін таразылады. Олардың қатарында «Тіл білімі», «Әдебиет», «Өлкетану», «Тарих», «Адам және құқық», «Этномәдениеттану» секциялары бойынша павлодарлық 14 оқушы бақ сынады.
— Байқау қорытындысы бойынша жерлестеріміз 6 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде Павлодар қаласындағы мектептерден 2 оқушы бар. Атап айтар болсақ, ІІ орынды «Павлодар Ертіс өңірі әлемнің фольклорлық көрінісіндегі элементі» жобасы үшін №29 мектептің 8-сынып оқушысы Милена Фырлова, ІІІ орынды «Ұлттық брендинг тұжырымдамасының көрінісі ретінде қазақ әндеріндегі көркем билингвизм» жобасы үшін Кенжекөл мектебінің 8-сынып оқушысы Алмаз Ескендіров иеленді, — деп атап өтті «Павлодар дарыны» орта-
лығының әдіскері Жұмагүл Күреңбаева. Байқауда биіктен көрініп, облыс намысын абыроймен қорғаған балаларға ұстаздары дән риза.
Нұржайна ШОДЫР.