Жүрек ауруы жасарып барады

Нау 13, 2025

Аймағымызда әйелдер арасында жүрек-қан тамырлары ауруы көбейіп тұр. Жыл басынан бері жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастардың саны 10 пайызға артқан.

Облыстық кардиологиялық орталықтың кардиолог дәрігері Әйгерім Рахимованың айтуынша, жыл басынан бері аймақта қан айналымы жүйесі ауруларының саны 11,4 пайызға өскен. Әсіресе,  жүректің ишемиялық ауруына шалдыққандардың саны 10,6 пайызға артты.

— Өкінішке қарай, жүрек-қан тамыры жүйесінің аурулары жасарып барады. Бұрын облыстағы жасы 50-ден асқан адамдар инфарктқа душар болса, қазір кардиологиялық орталыққа 25-40 жастағы ер азаматтар жиі түседі. Соңғы рет осындай диагнозбен  ем қабылдаған жігіт 25 жаста болды. Орталық күллі облыс тұрғын-дарына қызмет көрсететіндіктен, күніне 300 адамға кеңес беріледі.

Әйелдерде жүрек ауруының даму қаупі жоғары. Тәжірибеміз арқылы жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығатын науқастардың санының күрт артқанын көреміз. Бұған дейін мұндай дертпен ер азаматтар көп ауыратын. Әйелдерде жүректің ишемиялық ауруы ерлерге қарағанда 10 жылға кеш дамиды. Бірақ қазіргі статистикаға әйелдердің семіздікке шалдығуы себеп болып отыр. Қыз-келіншектердің үштен бірінде осы мәселе бар. Тағы бір себеп – қант диабеті. Бұл диагноз қайталанған миокард инфарктісі мен жүрек жеткіліксіздігінің даму қаупін екі және төрт есе жоғарылатады, — дейді дәрігер.

Әйгерім Рахимова жүрек ауруын тудыратын фактордың бірі – темекі шегу екенін жасырмады. Тәулігіне 15 темекі шеккен адамның жүрек соғысы жиілейді.

Облыста созылмалы жүрек жеткі-ліксіздігіне душар болғандар да көбейген.  Мұндай дертке шалдыққан науқастармен жұмыс жасайтын арнайы кабинеттер жұмыс істейді. Соңғы жылдары созылмалы жүрек жеткіліксіздігімен ауыратындар үшін 20 кабинет ашылған. Бүгінде заманауи бөлмелерге жалпы саны 9,5 мың адам ем қабылдаған.

Адам өміріне қауіп төндіретін аурудың қатарында инсульт бар. Ол миға қан келу тоқтаған кезде болады. Оның салдары өлімге немесе мүгедектікке әкеледі. Бұған дейін инсульт егде жастағы науқастарда кездессе, бүгінде 40 жасқа дейінгі адамдар да бұл аурумен бетпе-бет келеді.

Елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам осы дертке шалдығады. Оның ішінде 5 мыңы бір тәулік ішінде, тағы 5 мыңы 1 айдың ішінде қайтыс болады екен.  Инсульттан аман қалғандардың 70 пайызы мүгедек болады.

— Инсульт – жіті жүрек ауруынан кейінгі өлімге әкелетін дерттің негізгі себебі. Әйелдерге қарағанда ерлерде өлім деңгейі жоғары болады. Көп жағдайда мұндай дерт күйзелістен туындайды. Инсульттен кейін адамның өмір сүру сапасы төмендейді. Инсульт алған адамға үлкен күтім керек. Науқастар невропатолог, кардиолог, нейрохирург, реаниматолог, ЛФК нұсқаушысы сынды мамандардың көмегіне жүгініп, оңалтудан өтуі тиіс, — дейді дәрігер.

Кардиолог аурудан сақтану үшін әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керектігін айтады. Жүрегі ауыратын науқастардың дені емханаға қаралмай, жоспарлы скринингтен өтпейді екен. Мұның салдары осындай жағдайларға әкеледі.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.