Павлодарлық дәрігерлер көлемі 19 литр сұйықтыққа толы ісікпен (киста) өмір сүрген әйел адамға ота жасады.
Ота 2,5 сағатқа созылған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, күрделі операция Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында жүргізілген. Гинеколог дәрігерлер науқастан көлемі едәуір үлкен ісікті сәтті алып тастады.
– 55 жастағы науқас іш қуысы мен жамбастағы көлемі үлкен ісікке жоспарлы ота жасау үшін ауруханаға жіберілді. Ота ұзақ уақыт жасалды. Дәрігерлер 19 литр сұйықтыққа толы ісікті алып шықты, – деді басқарма.
Қазір отадан кейінгі кезең асқынусыз өтуде. Науқастың жағдайы қалыпты. Ол ауруханада тағы бір апта ем қабылдайды.
Аурухана ұжымы жоғары білікті мамандар мен заманауи жабдықтардың арқасында ота сәтті өткенін айтады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.