Көктем басталысымен еліміздің бірқатар аумағын қалың қар басты. Кейбір облыстарда толассыз жауған қар кісі бойынан асып кеткен. Бұл жағдай су тасқыны кезеңіне қалай әсер етеді?
Мезгіл мәселесі бойынша Үкімет отырысы өтті. Маңызды жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көктемде су басуы мүмкін аймақтарды атады. Оның айтуынша, ел аумағының 71 пайызы қар құрсауында жатыр. Қауіпті аймақтар қатарында Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстары бар. Ал қауіптілігі орташа өңірлер Алматы, Жетісу, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары. Павлодар, Маңғыстау, Түркістан және Қызылорда облыстарына қауіп төніп тұрған жоқ. Министр наурыз-сәуір айларында күннің күрт жылынуы мен жауын-шашынның мол түсетіні болжанып отырғанын, бұл жағдай тасқынға себеп болатынын атап өтті.
— «Қазгидромет» алғаш рет әр облыс бойынша егжей-тегжейлі анықтамалар дайындады. Онда гидрологиялық бекеттер бойынша су деңгейі мен су ағысынан күтілетін қауіп те көрсетілді. Қауіпті аймақтар да белгіленді. Гидрометеорологиялық ахуал күрт өзгерген жағдайда «Қазгидромет» дауылды ескертуді 2-3 тәулік бұрын хабарлайды, — деді Е.Нысанбаев.
Әлеуметтік желіде ат бойынан асатын қардың видеоcы тез тарады. Тарбағатай тауының етегінде орналасқан ауылдардың денінде қар тым көп түскен. Абай облысындағы Үржар ауданында 3 күн бойы толассыз жауған қар кісі бойынан асып кеткен. Қазір еліміз бойынша қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аймағымызда мезгіл мәселесіне әзірлік мығым. Жуырда көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті күштік құрылымдардың және техниканың дайындығын пысықтады. Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожиновтың төрағалығымен және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рүстембек Әмриннің қатысуымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Ауқымды жиында су тасқынына қарсы алдын алу шаралары пысықталды. Алдын ала жоспар бойынша Баянауыл ауданы әкімдігінде жедел штаб құрылды. Сәтбаев ауылында халықты эвакуациялау, қар шығару, құм толтырылған қапшықтарды төсеу, малды қауіпсіз орынға айдау сынды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл ретте елді мекеннен 1452 текше метр қар шығарылды.
Оқу-жаттығу аясында облыс аумағында 40-қа жуық іс-шара өтті. Яғни, қар шығару, бөгеттерді нығайту, су өткізу құбырларын тазарту, су бұру арналарын жайластыру, жылыту бөлімшелерін тексеру сынды жұмыстар атқарылды. Қыс мезгілі басталғалы облыс аумағындағы елді мекендерден жалпы көлемі 753 мың текше метр қар шығарылған. Оқу-жаттығуға 302 бірлік техника мен 635 адам жұмылдырылды. Оның ішінде 362 су айдау құралы, 24 жүзу құралының дайындығы тексерілді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті аймақта көктемгі су тасқынына қарсы әзірлік шарасы өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын айтты. Барлық жағдай бақылауға алынған.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.
Сурет газет мұрағатынан алынды.