Әрі құтқарады, әрі емдейді

Нау 13, 2025

Шұғыл қызметтердің басын біріктірген бөлімшенің ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов арнайы қатысты. Сонымен қатар, ауқымды шараға азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен жергілікті тұрғындар да келді.

Жаңа нысан төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Өрт, жол-көлік оқиғасы немесе шұғыл медициналық көмек қажет болған жағдайда мамандар жедел әрекет ететін болады.

Өрт сөндірушілерді, құтқарушылар мен дәрігерлерді бір базада біріктіру – ыңғайлылық қана емес. Жаңашылдық төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерді құтқарып, алғашқы медициналық көмекті жедел көрсетуге мүмкіндік береді. Заманауи кешен маңызды учаскелерде ғана жұмыс істейді, — деді министр Шыңғыс Әрінов.

Еліміз бойынша заманауи бөлімше бұған дейін Ақмола және Қарағанды облыстарында ашылған болатын. Аққулы ауданында орын тепкен бөлімше облыс аумағын ғана емес, «Семей орманы» резерватына да қызмет көрсетеді. Кешен төтенше жағдай салдарын жою үшін қажетті заманауи техникамен және жабдықтармен жарақталған. Оның аумағында зардап шеккендерді шұғыл эвакуациялау және шалғай аудандарға жедел тасымалдау үшін тікұшақ алаңы қарастырылған.

Жұмыс істейтін мамандар үшін де қолайлы жағдай қарастырылған. Екі қабатты ғимаратта қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік жасайды. Сондықтан олар үшін демалу бөлмелері, жуынатын орын, ас үй қарастырылған. Салтанатты кешке арнайы қатысқан министр қызметкерлерге жаңа техниканың кілттерін және  жұмыста зор жетістікке жеткен мамандарға Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ бірнеше қызметкердің кәсібилігі мен адалдығын ерекше атап өтіп, оларға қызметтік шенді уақытынан ерте табыс етті.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.