С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада журналист, жазушы, аудармашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Сатыбалдиннің 75 жасқа толуына орай «Талғампаз талант иесі» атты шығармашылық кеш өтті.
Кешке қаламгердің әріптес-тері, жергілікті зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар қатысты. Серік Сатыбалдин – 1950 жылы наурыздың 5 күні Аққулы ауданының Қызылқоғам ауылында дүниеге келген. 1967 жылы сол ауылдағы мектепті бітіріп, Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. 1973 жылы институтты аяқтап, аудандық «Ленин жолы» газетіне аудармашы болып еңбек жолын бастайды. Осы сәттен бастап шығармашылыққа ден қояды. Әр жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы, мектеп директоры, аумақтық инспекцияда бас маман сияқты әртүрлі қызмет атқарды.
Қызметпен бірге шығарма-шылықты да қатар алып жүрген ұстаз бір сәтке де қолынан қаламын тастаған емес. Туған тіліміздің тағдыры, бала тәрбиесі, әдебиет пәнін мектепте оқыту әдістемесі, имандылық сияқты түрлі тақырыпқа қалам тербеді. Әсіресе қаламгердің балаларға арналған өлеңдері, шағын әңгімелер мен әдеби аудармалары облыстық, республикалық газет, журналдарда жиі жарияланып тұрады. Бүгінге дейін автордың «Әр жылдар жазбалары», «Қылмыс пен жаза», «Қасиетті жұрт», «Қоңыр үңгір хикаясы», «Шыншыл бала» секілді еңбектері жарық көрді. Серік Сатыбалдин шығармалары республика оқырмандарына, оның ішінде жас буынға соңғы 15 жыл ішінде кеңінен таныла бастады. Орыс тілін жетік меңгергеннің арқасында әлем классиктерін қазақша сайрата білді. Бұл талмай-тынбай ізденгеннің арқасында жүзеге асқаны анық. Әсіресе, әйгілі ағылшын жазушысы Джоан Кэ́тлин Роулингтің «Гарри Потер» романының сериясы жас оқырманды елең еткізді. Одан бөлек, У.Шекспир, Д.Лондон, В.Ирвинг секілді белгілі шетелдік жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Серік Қинаятұлы қазіргі уақытта аудармадан бөлек, «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігіндегі жұмыстарға белсене араласады. Ұйымда басшының орынбасары ретінде қоғам арасында халқымыздың салт-дәстүрін, тілін, тарихын, діни-рухани құндылықтарын насихаттауда белсенділік танытып жүр.
Шығармашылық кеш барысында алғаш болып сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан жазушыға құрмет көрсетіп, облыс әкімінің атынан «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгіні табыстады. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина Серік Сатыбалдиннің ағартушылық жолдағы еңбегін тілге тиек етіп, Алғыс хаттпен марапаттады. Ал ғалымдар қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына қатысты өз ойларын ортаға салса, немерелері атасының өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ, Назымгүл Шапағаттың орындауында «Ауылым» және Дәулетхан Олжастың орындауында «Батырлар ұраны» әні орындалды.
А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.