Бүгінде ерікті болу трендке айналғаны рас. Әсіресе, жастар арасында қоғамдық істерге араласуға ниетті студенттер көп. Олардың негізгі мақсаты қандай? Көптің көңілінде із қалдырған жобалары бар ма? Осы және өзге де сауалдардың жауабын «Тікелей желі» барысында талқыладық. Эфир қонағы — Жастар бастамаларын дамыту орталығының «Birgemiz» фронт-кеңсесі және еріктілер бөлімінің басшысы Айжан Қали.
Тілші сауалы:
— Айжан Серікқызы, соңғы жылдары еріктілер ұйымы көбейіп жатыр. Жалпы, Павлодар қаласындағы еріктілер жайлы айтып кетсеңіз…
Айжан Қали:
— Павлодар облысы бойынша 54 ұйым қызмет етеді. Олардың ішінде 3000 ерікті тіркелген. Жастар бастамаларын дамыту орталығында екі инспектор «Birgemiz» фронт-офис және еріктілер бөлімінің қызметін атқарады. Өңіріміздегі мектеп оқушылары, колледж, жоғары оқу орындарының студенттер қатары жыл сайын өсіп келеді. Еріктілер дегенде көпшілік біз тек қайырымдылықпен айналысады деп ойлайды. Біз болсақ, әлеуметтік, білім, спорт, экология, инклюзивті дамыту салаларын қамтып, жас ұрпаққа пайдасы зор шараларды өткіземіз.
Тілші сауалы:
— Қазір ауыл-аймақтағы еріктілер ұйымдары да жасаған игі істерімен әлеуметтік желіде бөлісіп жатады. Олардың қолдауының арқасында ауыл тұрғындарының жағдайы жақсарды ма?
— Павлодар облысында ауылдық еріктілер қозғалысы соңғы онжылдықта белсенді түрде дами бастады. Әсіресе, 2020 жылы Қазақстандағы «Волонтер жылы» аясында ауыл-аймақтарда жаңа еріктілер топтары құрылып, олардың қызметі жүйелі түрде жүргізіле бастады. Қазіргі таңда облыстың әр ауданында жастар ресурстық орталықтары мен қоғамдық ұйымдардың қолдауымен еріктілер тобы жұмыс істейді. Олардың негізгі бағыттары – әлеуметтік көмек көрсету, қайырымдылық шаралары, экологиялық акциялар және мәдени іс-шараларды ұйымдастыру.
Тілші сауалы:
— Олардың қалалық ұйым-дардан ерекшеліктері бар ма?
— Ауылдық еріктілер ұйымдары қалалық ұйымдарға қарағанда жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Олардың басты ерекшелігі — ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бейімделуі. Қалалық еріктілер көбіне ауқымды шаралар мен әлеуметтік жобаларға қатысса, ауылдық еріктілер жергілікті тұрғындарға күнделікті көмек көрсетеді, мысалы, жалғызбасты қарттарға жәрдем беру, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау, ауыл мектептері мен ауруханаларда көмек көрсету сияқты жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде еріктілер саны аз болғандықтан, олардың жұмысы көбінесе жан-жақтылықты талап етеді – бір ерікті бірнеше бағытта қызмет атқара алады.
Тілші сауалы:
— Бірлесе ұйымдастыратын шараларыңыз бар ма? Сондай-ақ, дәстүрлі түрде өтетін акцияларыңыз жайлы айтып кетсеңіз…
— Павлодар облысының еріктілері қалалық және ауылдық ұйымдармен бірлесіп түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Мысалы, жыл сайын «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы аясында қайырымдылық акциялары өтеді. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы бойынша ауыл және қала еріктілері бірігіп сенбілік, ағаш отырғызу және өзен-көлдерді тазалау шараларын өткізеді. Қыс мезгілінде «Жақсылық жасауға асық!» атты қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмір, азық-түлік, жылы киімдер таратылып тұрады.
Иә, Павлодар облысында еріктілерге арналған дәстүрлі шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Жыл сайын 5 желтоқсан – Халықаралық волонтерлер күніне орай үздік еріктілерді Алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, еріктілердің дамуына және олардың тәжірибе алмасуына ықпал ету мақсатында түрлі шеберлік сағаттары, тренингтер, тимбилдингтер және форумдар өткізіледі. Бұл шаралардың басты мақсаты – еріктілердің кәсіби және тұлғалық дамуын қолдау, олардың қоғамға қосқан үлесін насихаттау және жаңа бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
Әсем, Павлодар қаласы:
— Биыл қолға алынатын жаңаша жобалар бар ма?
— 2025 жылы бірқатар жаңа жобалар іске асырылады. Олардың ішінде: еріктілерге арналған жазғы лагерь. Онда аса белсенді еріктілер іріктеліп, үш күндік тегін лагерь ұйымдастырылады. Лагерь барысында қатысушыларға толықтай тегін тұру, тамақтану, жол шығындары ұйымдастырушылар тарапынан қамтылады. Сонымен қатар, түрлі шеберлік сағаттары, тренингтер, тимбилдингтер өткізіліп, еріктілердің демалып, жаңа білім алуына мүмкіндік жасалады.
«Мейірімді Клоун» – біздің волонтерлер ауыр дертке шалдыққан, әсіресе онкологиялық аурумен күресіп жатқан балаларға қолдау көрсету үшін ауруханаларға барып, түрлі ойын өткізіп, көңілін аулайды. Жобаның басты мақсаты –
балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, үміт отын жағу. «Волонтер патруль» – бұл жоба төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп жүзеге асырылады. Еріктілер түрлі қауіпсіздік шараларына қатысып, табиғи апаттардың алдын алу жұмыстарына көмектеседі, халыққа қажетті ақпарат таратады. Сонымен қатар, биыл көптеген басқа да жобалар жоспарлануда және біз олардың барлығын сәтті жүзеге асырамыз деп үміттенеміз!
Сонымен қатар, еріктілердің қатысуымен Наурыз мейрамы, Жеңіс күні, Тәуелсіздік күні секілді ірі мерекелерге арналған қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Жасұлан:
— Еріктілер қатарына қосылу үшін не істеу керек? Ерікті ретінде қоғамға үлес қосып еңбек еткені үшін жеңілдіктер қарастырыла ма?
— Еріктілер ұйымы қатарына қосылу үшін бастысы, шын ниет білдіру. Бір-екі рет шараға қатысып, кейін бас тартатын жастар да кездесіп жатады. Еріктілік қайсарлық пен жігерлілікті талап етеді. Біз ауа райының қолайсыздығына қарамастан, көмекке мұқтаж жандарға әрдайым қол созуға дайын болуымыз керек. Жеңілдіктер жайында айтатын болсақ, студенттер қауымы ауқымды шараға қатысқан кезде сабақтан дәлелді себеппен босатылады. Жұмысқа орналасқан кезде түйіндемеңде ерікті болғаныңды көрсе, мансап жолында оң әсер ететіні анық.
Гүлайым:
— Атқарылған игі істер, шаралар бойынша есеп жүргізесіз бе?
— Иә, барша еріктілер ұйымының басшыларымен жиын өткізіп, атқарылған шараларын талқылап, алдағы жобаларды сөз етеміз. Павлодар облысында ауыл-аймақ еріктілерінің қызметі жылдан-жылға дамып келеді. Олар қалалық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, түрлі әлеуметтік, экологиялық және қайырымдылық шараларын бірлесіп атқарады. Дәстүрлі түрде өткізілетін волонтерлік форумдар мен марапаттау рәсімдері еріктілерді ынталандырып, жаңа бастамаларға жол ашады. Биыл іске қосылған жобалар ауылдық жерлердегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жастарды волонтерлік қызметке тартуға бағытталған.
Еріктілердің еңбегі қашан да зор. Олар өздерінің уақыты мен күш-жігерін қоғамның игілігіне арнап, мұқтаж адамдарға көмек көрсетіп, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысады. Еріктілік қозғалысының дамуы мемлекет пен қоғамның қолдауына ие болып, бүгінде маңызды рөл атқаруда. Еріктіліктің арқасында қоғамда бірлік, татулық және қайырымдылық құндылықтары артып, еліміздің дамуына зор үлес қосылады.
– «Тікелей желіге» қатыс-қаныңызға рақмет. Істеріңізге табыс тілейміз!
«Тікелей желіні» жүргізген – Салтанат ҒАББАС.