«Арнаулы қызметте» артықшылық көп

Нау 13, 2025

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап елімізде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесіне өзгерістер енгізілген болатын. Соның бірі — аталған қызмет түрін лицензиялау. Осы бағыттағы жұмыстар облысымызда да жалғасуда. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде сөз болды.

ҚР Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедованың айтуынша, мұндай қызмет түрі халықтың осал топтарына, атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, жарымжан жандарға, қарттар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін басқа да санаттағы азаматтарға көрсетілетін арнайы медициналық, педагогикалық, психологиялық көмек болып табылады. Бұған дейін бұл қызмет лицензияланбағандықтан осы салада түрлі кемшіліктер орын алып келген көрінеді. Сол себепті биылдан бастап елімізде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетушілерге деген талап күшейтіліп, лицензиялау жүйесі енгізілуде. Нәтижесінде, бұдан былай осал топтарға көрсетілетін қызмет сапасы артады деп күтілуде.

— Біз арнаулы қызмет көрсететін ұйымдарға барып, құжаттарының талапқа сай келетіндігін және қажетті материалдық-техникалық базаның болуын жіті тексереміз. Содан кейін ғана аталған мекеменің лицензия алу құқығын анықтап, растаймыз. Егер ондағы қызмет түрі заң нормаларына сәйкес келмесе лицензиядан бас тарту туралы шешім шығарамыз. Бұл талап арнайы қызмет көрсететін барлық ұйымға ортақ. Яғни, жеке меншік мекемелер де, мемлекеттік ұйымдар да лицензиялануы тиіс, —
деді Алмагүл Мұхамедов. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мемлекеттік және үкіметтік емес 44 мекеме бар. Олардың көмегіне 6 мыңнан астам адам жүгініп, медициналық, педагогикалық, психологиялық және басқа да қызмет түрлерін алуда.

— Бүгінгі таңда үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 22 ұйым лицензия алып үлгерді. Қалған жартысы стационарлар, жартылай стационарлар және уақытша тұру орталықтары жағдайында көмек көрсетумен айналысатын мекемелер болып табылады. Тек бір нысан ғана барлық талапқа сай және лицензияланған. Тағы бір мекеменің лицензиясы қаралуда және үшеуі құжаттарын ұсынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, — деп атап өтті департамент басшысы.

Айта кетерлігі, лицензия 3 жылға ғана беріледі. Оны алудың заң бойынша бекітілген нормалары бар. Ал лицензиясы жоқ ұйымдардың жұмыс істеуіне тыйым салынады.

Нұржайна ШОДЫР.