Үшінші емхана – үздіктер қатарында

Сәу 3, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы еліміздің медициналық ұйымдарының 2024 жылғы рейтингін қорытындылады. Нәтижесінде №3 Павлодар қалалық емханасы еліміз бойынша үздік бестікке енді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызме-тінің мәліметінше, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті көрсететін 385 ұйымының ішінен менеджмент және клиникалық көрсеткіштер бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізген еліміздің бес үздік қалалық емханасы анықталды. Олардың қатарында Астанадағы республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы, Алматыдағы №17 емхана, Батыс Қазақстан облысындағы №4 емхана, Ақтаудағы «Sofie Medgroup» көпсалалы клиникасы және Павлодар қаласындағы №3 емхана бар.

Рейтингтік бағалау Қазақстанның 20 облысы бойынша жалпы саны 772 мемлекеттік және жеке меншік медициналық ұйымдардың арасында өткізілді.

Атап өтерлігі, Павлодар қаласындағы №3 емхана — «Үздік тәжірибелер орталығы» пилоттық жобасын іске қосқан алғашқы емдеу мекемелерінің бірі. Сонымен қатар, емхана тұрғындарды электронды кезек арқылы қабылдайтынын еске салған жөн.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.