Ақсу қаласында осы жылдың ақпан айында орын алған жайсыз жағдай ел назарын аудартқан еді. Шағын шаһардағы пансионат қызметкері қарауындағы қарияларға қол көтеріп, сақылдаған сары аязда жұқа киіммен далаға шығарып жіберген.
Облыстық прокуратура тексеріс жүргізу барысында «Қамқор» әлеуметтік қызметтер орталығының мамандары қамқорлығындағы қарттарға жүйелі түрде күш көрсеткенін бейнебақылау камера-ларындағы жазбадан анықтаған болатын.
Мұндай бассыздыққа барған қызметкерге қатысты бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Ал күні кеше прокуратура өкілдері соттың шешім шығарғанын мәлімдеді.
— Сот талқылауы Ақсу прокуратурасының бейнебақылау камераларынан алынған зорлық-зомбылық фактілерін зерттеу нәтижесінде жүргізілді. Пансионат қызметкері жүйелі түрде қамқорлығындағы адамдарға күш қолданған және оларды жылы киімсіз көшеде қалдырып, бастарын қауіпке тігіп, қиналтқан, — деп мән-жайды баяндады құзырлы орган өкілдері.
Сот әрекеттердің ауырлығын және олардың салдарын ескере отырып, айыпталушыны кінәлі деп таныды. Нәтижесінде үш жыл алты айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Әзірше үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.