Өлкетану музейі жаңғыртылады

Сәу 17, 2025

135 жылдық тарихы бар облыстық Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің сырты қайта қалпына келтірілмек. Жуырда музей басшылығы Мәдениет және ақпарат министрлігі «ERG Көмек» корпоративтік қоры және «Қазреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен тарихи ғимаратты реставрациялау жұмыстарын жүргізу жөнінде үшжақты шарт жасасты.

Аталмыш музейдің басшысы Арман Әлиақпаров бұл мәселе бойынша көп жерге жүгінгенін айтады. Алайда түйткіл биыл ғана шешімін тапқан.

— Музейдің ішкі жұмыстарына қаржы бөлініп келеді. Алайда, өкінішке қарай сыртын жөндеуге құқығымыз болған жоқ. Себебі, ғимарат еліміздегі архитектуралық нысандардың қатарына жатады. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмадық. Сондай-ақ, реставрацияны лицензиялары бар фирмалар ғана жасай алады. Ал ондай компаниялар тек Алматы қаласында орналасқан. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы музей 2027 жылы жөнделуі мүмкін деді. Алайда ғимараттың сыртының жағдайы нашар. Кірпіштері үгітіліп, түсіп жатыр. Сөйтіп, уақытты бос өткізбей, облысымыздан шыққан халық қалаулыларына да хат жолдадық. Олардың көбі хатымызды алғаннан кейін мұндай ғимараттар елімізде көп екенін, сондықтан қаржының бөлінбейтінін айтты. Бірақ бір күні депутат Ажар Сағындықова хабарласып, «ERG Көмек» корпоративтік қоры 50 млн теңге бөлетінін хабарлады. Біз облыстық әкімдіктің рұқсатымен үш жақты келісімшарт жасастық, — дейді ол.

Жобаның сметалық құжатта-масын Алматыдағы «Казреставрация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жасап берді. Осы сәуір айының ішінде «Қазреставрация» РМК өкілдері келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Бүгінде ғимараттың ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

А.БОРАНБАЕВА.