Аймағымызда өрт қауіпсіздігі кезеңі басталғалы 4 орман өрті тіркелді. Қызыл жалын жалпы аумағы 31 гектарды шарпыған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде мұндай факті орын алмаған болатын.
Облыстық төтенше жағдайлар департа-менті басшысының орынбасары Қайрат Шаймерденовтің айтуынша, облыс аумағында құрғақ шөптің өртенуі бойынша 103 жағдай тіркеліп, тілсіз жау 430 гектарға жайылған. Оның ішінде 17 дала өрті мен Ертіс өзенінің жайылмасында орын алған 7 факті бар.
— Оттың тұтануына адамдардың өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауы себеп. Саяжайларды жинау кезінде де от жағу ережесін сақтамайды. Ұялы телефонға дауылды ескерту келген кезде сол күні қоқыс өртеу жұмыстарын жүргізуге болмайтынын ескертемін. Өйткені қатты жел жағдайды ушықтыра түседі. Мобильді топ өкілдері өрт қауіпсіздігі ережесін түсіндіру мақсатында 170-тен астам рейд жүргізді. Бүгінгі таңда 27 бау-бақша аумағы тексерілді. Сонымен қатар, 390 саяжай учаскесі зардап шеккені анықталды. Оның ішінде қараусыз қалған 261 саяжай бар. Ең ірі өрттің бірі өткен демалыс күні «Строитель» және «Энтузиаст» бағбандық қоғамдарының аумағында тіркелді. Жалпы аумағы 50 гектар жер өртке оранып, 55 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда, — дейді Қайрат Зиядаұлы.
Мобильді топ өкілдері тексеру кезінде құрғақ шөпті жағу барысында өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамаған 15 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Қайрат Зиядаұлы Баянауылдағы Жасыбай аймағында болған өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп екенін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, жел екпіні секундына 30 метр болған сәтте жоғарыдағы электр сымдары түйісіп, салдарынан туындаған от ұшқыны құрғақ шөпке түскен. Қатты жел жағдайды одан әрі ушықтырған.
Орман шаруашылығында орын алған тілсіз жау кезінде қызметкерлер өрттің алдын алу шараларын жылдам қабылдап, жергілікті атқарушы орган мен өрт сөндіру бөлімдеріне хабар беруі тиіс.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.