Атты патрульдің артықшылықтары

Сәу 17, 2025

Көктем келісімен саяжай маусымы басталатыны белгілі. Бүгінгі таңда облыс орталығындағы бес бірдей саяжай массивтеріндегі қауіпсіздікті жол-патрульдік полиция батальонына қарасты кавалериялық взвод қамтамасыз етуде. Қылқұйрық-тылармен қарауыл науқаны саяжай маусымы аяқтал-ғанға дейін үздіксіз жалғасады.

Өткен жылы атты патруль жұмысының нәтижесінде бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды. Полиция қызметкерлері саяжай аумағынан металл құбырлар ұрлаған 11 адамды ұстады. Сонымен қатар, жүргізілген тексерулер мен патрульдік іс-шаралар нәтижесінде 27 әкімшілік хаттама толтырылды, оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзу және ұсақ құқық бұзушылықтар бар.

Павлодар жол-патрульдік полиция батальоны кавалериялық взводының командирі Бердібек Даяндахтың айтуынша, бүгінгі таңда аталмыш взводта 19 полиция қызметкері және 15 арнайы үйретілген жылқы бар. Облыс орталығындағы оңтүстік полиция бөліміне қарасты «Строитель», «Южный», «Энтузиаст», «Яблонька» және «Металлург» саяжай бірлестіктері ат патрулімен күзетіледі. Саяжай маусымы басталғалы күн сайын кавалерия сағат 08.00-ден 21.00-ге дейін кезекшілік етеді.

– Жыл сайын пайдаланылмай жатқан саяжайларды аралап, түнеп, металл, егін ұрлап, алкогольдік ішімдік ішетін қаңғыбастардың саны артып келеді. Бағбандардың өздері қоқысты өртеп, бір-бірінен ұрлық жасайды. Біз әрбір тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Мәселен, өткен маусымда полицейлер жүзге жуық маскүнемді ұстады. Сондай-ақ, атты патрульдік қызмет жасағымен үш қылмыс ашылды. Оның ішінде ұрлық және есірткі сақтау бойынша екі жағдай тіркелді. Құқық қорғау қызметкерлері мұндағы саяжай иелерінің өткізу құжаттарын да тексереді. Айта кету керек, кез келген құқық бұзушыны ұстау жағынан жылқылар көліктен әлдеқайда артық. Мұны барлық кавалеристер растайды. Мысал үшін, атпен патрульдеудің артықшылығы – олар кез келген жерден өте алады, әсіресе көктемде дала еріп жатқанда қолайлы. Мұндайда көліктер батпақта тұрып қалады. Сондай-ақ, шөп басып кеткендіктен, кей жерлерде жаяу жүру мүмкін емес. Бұл ретте атқа мініп, тәртіп бұзушыларды қуып жету оңай, ат кез келген көліктен жылдамырақ болады, — деді командир.

Кавалериялық взводының қызметкері Даниял Егоров үш жылдан бері атты патрульде қызмет атқарып жатқанын жеткізіп, жылқымен жұмыс жасауда ең бастысы – жануардың тілін түсіне білу керектігін айтады. Оның сөзінше, күзеттегі жылқылар арнайы мамандандырылған және қызметтік тәжірибеден өткен. Бұл жануарлар күн сайын автокөліктермен, жол шуымен кездессе де өз жұмысын тыныш орындауға дағдыланған.

– Әрбір полиция қызметкеріне жеке ат тағайындалады. Жұмысқа орналасар алдында барлығы қалалық ат спорты федерациясында атқа мінуді үйреніп, сертифактпен ғана қызметке кіре алады. Мен өзім павлодарлықпын, атқа мінуді де осында үйрендім. Мұны маған аға әріптестерім үйретті. Олар атқа қалай дұрыс міну керек, оны қалай баптау керек, қандай тәсіл қолдану керектігін түсіндірді. Әр аттың өзіндік мінезі бар. Негізінде, біз жылқыларды ауыстырмаймыз, кейде, әрине, бос тұрып қалмас үшін ауыстыратын жағдайлар болады. Былтыр біз қазан айына дейін жылқымен жұмыс істедік, содан кейін саяжайлар жабылғандықтан автопатрульге көштік. Бірақ жылқыларды серуендеуге, жаттығуға шығарып отырамыз, — деді Д.Егоров.

Бүгінгі таңда атты патрульдің бақылауындағы оңтүстік полиция бөліміне қарасты «Южный» саяжай аумағында 1200-ге жуық бау-бақша телімі болса, оның жартысы қараусыз қалған. Аталмыш саяжай кооперативінің төрағасы Сергей Бондарьдің айтуынша, көптеген тұрғындар саяжай сатып алып, бір-екі жылдан кейін оны бақылаусыз тастап кетеді. Қазіргі уақытта полицейлер саяжайда рұқсат етілмеген құрылыстар мен басқа да заң бұзушылықтарды тіркеуде.

— Кавалериялық взводының пайда болуымен саяжай аумағында құқық бұзушылықтар мен қылмыс саны азайды. Алайда, алдағы уақытта атты патрульдің санын көбейту керек. Себебі, көктем келісімен саяжайға келетін адамдар көбейе түспек. Кейбірі көкөніс, жеміс-жидектерін өсірсе, кейбірі демалуға келеді. Барлық тұрғындарды қажетті ақпараттармен құлақтандыруда, суға берешегі бар саяжай иелерін анықтауда, құқық бұзушылықтардың алдын алуда полиция қызметкерлері зор үлес қосуда, — деді ол.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.