Биыл Мемлекеттік Әнұранның сөзін жазған белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтың туғанына – 90 жыл. Осыған орай республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясына Жұмекен Нәжімеденовтің кітаптары таңдалған болатын. Жуырда белгілі жазушы, қоғам қайраткері Ғарифолла Есімнің «Жұлдызды Жұмекен» кітабы бойынша С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада конференция өтті.
Шараға Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының акаде-мигі, «Жұлдызды Жұмекен» кітабының авторы, абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім, ақынның қызы Әйкен Жұмекенқызы, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Серік Елікбай және басқа да зиялы қауым өкілдері, жастар, оқырмандар қатысты.
Ғарифолла Есім Жұмекенді Абайдың заңды жалғасы деп санайды. Оны осы кездесуде де айтып, ақынның поэзия әлеміндегі мол мұрасы жайлы сөз етті.
— Жұмекенді 1967 жылдан бастап біле бастадым. Жақсы ақын екенін сездім, бірақ оның шығармашылығымен жүйелі түрде танысуға мүмкіндік болмады, өзге шаруалармен айналыстым. Ол туралы алғаш сөз сенатор Сәрсенбай Еңсеге-новпен кездескен уақыттан басталды. Мұқағали Мақатаев айтқандай, «Жұмекен — ойдың бірқатарын айтып, екінші қатарын оқырманның өзіне тастай салатын ақын». Абайдың, Шәкәрімнің, орыс ақыны Михаил Лермонтовтың, поляк ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Чешслав Милоштың, Махамбеттің өлеңдерінде де осылай. Мұқағали Мақатаев осындай ақындар қатарына Жұмекен Нәжімеденовті қосып отыр, — деді Ғарифолла Есім.
«Жұлдызды Жұмекен» (жалғыздық философиясы) — эссе жанрында жазылған кітап. Туынды екі тараудан тұрады. Бірінші тарауында ақынның поэзиясына герменевтикалық-философиялық, мәтіндік талдаулар жасалған. Екінші тарауында Жұмекен Нәжімеденовтың трилогиясы — «Ақ шағала», «Кішкентай» және «Даңқ пен дақпырт» романдарына тұңғыш рет мәдени-филосо-фиялық, көркемдік талдау жасалған. Бұл — Жұмекеннің шығармашылығына арналған тұңғыш ауқымды зерттеу еңбек. «Жұлдызды Жұмекен» кітабы әдебиеттанушыларға, мәдениеттанушыларға, магистрант-докторанттарға, жалпы көпшілік қауымға арналған.
Іс-шараға орай «Жыр жұлдызы – Жұмекен» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Жыр сұңқары —
Жұмекен» атты онлайн-поэзия марафонына қатысушы жастар ақынның өлеңдерін оқыды.
Тілеуберді САХАБА.