Әуежайдың әлеуеті артады

Сәу 24, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысында туризм саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Алдағы уақытта облыс орталығында заманауи қонақүй құрылысының жұмыстары басталмақ. Сондай-ақ, бүгінгі таңда Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Аймақ басшысы Асайын Байханов облыс орталығындағы әуежайды қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстар жолаушылар әуе тасымалы қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға, ұшуға жарамдылық сертификатын алуға, сондай-ақ, әуе айлағының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бүгінгі күні әуежай қызметі ауқымды жөндеу жұмысына байланысты тоқтатылды. Осыған сай, ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, қайта жаңартылуда. Егер аталған жұмыстар жүргізілмесе, қалалық әуежай 2026 жылы ұшу жарамдылығы сертификатын ала алмайды. Яғни әуежай ешқандай рейсті қабылдай алмайды.

Облыс басшысының айтуынша, әуеайлақ пен ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткен жағдайда Павлодар әуежайының транзиттік потенциалы артып, ұшу қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтеріледі. Жүк рейстерін көбірек қабылдауға әуежайдың техникалық мүмкіндігі артады. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін әуежай терминалының ғимараты да қайта жөндеуден өтпек. Атап айтсақ, ғимарат кеңейтіліп, қосымша құрылыс жүргізіліп, эскалатор орнатылады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан және өңір үшін стратегиялық маңызы бар Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жұмыстарының барысын тексердім. Жаңғырту аясында бірнеше кезең қарастырылған. Қазір бірінші кезекте ұшу-қону жолағы қайта жаңартылуда. Яғни, оның ені 45-тен 60 метрге дейін ұзартылады. Сондай-ақ, жарық сигнал беру жабдықтары, жарықтандыру жүйесі, қоршаулар және патрульдік жол ауыстырылады. Келесі кезеңдерде біз жолақты ұзартуды және әуежай ғимаратын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі халықаралық әуежайлардағыдай жолаушылардың келу және кету ағындарын бөлу, күту аймақтарын кеңейту, эскалаторлар мен екі отырғызу құрылғысын орнату жоспарлануда, — деді облыс әкімі.

«Павлодар Әуежайы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Марат Хасенов қазіргі таңда 42 мың шаршы метрден астам ұшу-қону жолағын фрезерлеу жұмыстары орындалғанын атап өтті. Айтуынша, жұмыстың жалпы ауданы 372 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ, бүгінгі күні нысанға шамамен 18 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізілді, бұл — қажетті көлемнің 53 пайызы.

— Қазіргі уақытта өнім-ділігі сағатына 240 тоннаны құрайтын асфальт-бетон зауытын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Монтаждау жұмыстары 15 мамырда аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа қоршау мен әуе кемелерінің тұрағын жерге тұйықталу жүйесін орнату басталды. Бүгінгі таңда бұл жұмыстарға 24 техника жұмылдырылған, алдағы күндері олардың саны 50-ге дейін ұлғайтылатын болады. Сонымен қатар, материалдар мен жарық-сигналдық жабдықтар жеткізілуде, — деді ол.

Айта кетейік, құрастырмалы асфальт-бетон зауыты әуежай маңында орналастырылмақ. Себебі оның орна-ласқан жері ұшу-қону жолағын қайта құру кезіндегі техникалық талаптармен анықталды. Негізі, асфальт-бетон екі сағат ішінде жеткізілуі керек, ал оның максималды тасымалдау қашықтығы 100 шақырымнан аспауы тиіс.

Өз кезегінде мердігер ұйымның өкілі Александр Андрейчук облыс әкіміне асфальт-бетон зауыты мамыр айында іске қосылатынын айтып, кәсіпорын заманауи араластырғыш қондырғылармен жабдықталатынын, бұл асфальтбетон қоспасының жоғары сапасын қамтамасыз ететінін жеткізді. Оның сөзінше, зауыттың қалыпты жұмыс істеуі үшін битум цистерналары пайдаланылуда, олардың бір бөлігі орнатылып қойған, жақын арада қалған қосымшалары да орнатылмақ. Сондай-ақ, Астанадан роликті жинақтары бар екі асфальт төсейтін машина келеді деп күтілуде.

— Барлық бастапқы материалдар Жол активтерінің сапасы ұлттық орталы-ғында зертханалық тексеруден өтті. Жоба бойынша 175 мың тонна асфальт үш қабат негізінде төселеді. Яғни, екі ірі және бір ұсақ түйіршікті, жалпы қалыңдығы 47 сантиметрді құрайтын асфальт төселмек. Зауыт жұмысының басым бөлігі автоматтандырылған. Қол еңбегі белгілі бір салаларда ғана қолданылады. Атап айтсақ, жарықтандыру жабдықтарын орнату, периметрлік қоршаулар кезінде, — деді А.Андрейчук.

Облыс әкімі жауапты сала басшылары мен мердігерлерге жұмыстың барлық кезеңдерінде жоғары сапаны қамтамасыз етіп, бекітілген кестені қатаң сақтауды тапсырды. Әуежайды қайта жаңарту жұмыстарын ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін аяқтау жоспарлануда.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ, Павлодар қаласы.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.