«Еңбек дәстүрлері – болашағымыздың күші»

Мам 15, 2025

Дәл осындай атаумен «Достық үйінде» облыстық форум өтті. Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылып отырған шараға жұмысшы мамандықтар бойынша ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан еңбек әулеттерінің мүшелері шақырылып, отбасыларының тарихы және мамандықтары жайлы сыр шертті.

Форумға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, еңбек әулеттеріне ізгі тілегін жеткізді.

— Жұмысшы мамандықтар жылы аясында сіздермен жүздесіп отырмыз. Бұл — жай ғана кездесу емес, еліміздің болашағын жылдар бойы қалыптастыруға үлес қосқан еңбеккерлерге деген құрмет болып табылады. Барлығыңызға зор денсаулық, амандық, табыс тілеймін, — деді Айгүл Қайыртасқызы. Сондай-ақ, ол облысымызда 50 жылдан астам уақыт бойы мамандар даярлайтын 21 көне колледж жұмыс істейтінін айтып, онда осы жылдар ішінде экономиканың түрлі саласында табысты еңбек етіп жүрген 175 мыңнан астам жұмысшы кадр кәсіп меңгеріп шыққанын мәлім етті.

Кездесуге келген еңбек әулетте-рінің өкілдері де сөз алып, жұмысшы мамандығының қыр-сыры туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Солардың бірі — ақтоғайлық Хамитовтар отбасы. Әулеттің үлкен ұлы Есен Хамитов:

— Біз механизаторлар әулеті боламыз. Жалпы еңбек өтілі 134 жылды құрайды. Әкем Самат 1963 жылы Ақтоғайдағы колледжді бітіріп, ауылда ұзақ жыл бойы механизатор болып жұмыс істеді. Кейін «Мұрагер» шаруа қожалығын ашты. Мен және екі інім де аудандағы ауыл шаруашылығы колледжін бітіріп, әке жолын қудық. Өз шаруа қожалығымызда механизатор болып еңбек еттік. Сөйтіп, 2018 жылы әкем зейнеткерлік демалысқа шыққан соң тізгінді өз қолыма алдым. Әлі күнге дейін білмегенімізді сұрап отырамыз. Менің ұлым да осы саланы таңдап, Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжіне оқуға түсті. Трактордың қыр-сырын жақсы біледі. Жұмысшы мамандықтарды таңдаған осындай жастар көбейсе екен деймін. Біз өз тарапымыздан оларды қолдауға әркез әзірміз, — деді. Ал Екібастұз қаласынан келген Рысбековтер әулетінің энергетика саласындағы еңбек өтілі 104 жылға жеткен. Әулеттің ұлы Евгений Елубайұлы:

— Менің әкем 1980 жылы энергетик болып еңбек жолын бастады. Осы салада 40 жылға жуық уақыт абыройлы қызмет істеп, 2019 жылы зейнетке шықты. Оның ізін мен жалғастырдым. Бүгінде әйелім де энергетика саласында жұмыс істеуде. Қуантарлығы, ұлым да біздің жолымызды таңдап, электр энергетикасы мамандығы бойынша білім алуда, — дейді.

Айтулы шараға арнайы шақырылған өзге де жұмысшы мамандық иелері мен еңбек ардагерлері өздері жайлы әңгімелеп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, форумға қатысқан еңбек әулеттері аймағымыздың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқаны үшін облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Форум соңы ән кешіне ұласты.

Нұржайна ШОДЫР.