Екібастұз шахтасында тер төккен
ІІ дүниежүзілік соғыс тарихын парақтасақ, сол жылдары республикамызда танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілгені белгілі. 1941 жылы күзде БЛКЖО (Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы) атындағы танк колоннасын құруға қаржы жинау басталды. Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Жалпы, соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.
Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов танк жасау қорына жеке қаражатынан 100 мың сом өткізген. Майданға көмек берген мұндай ерлер Қазақстанның қай түкпірінен болса да табылып жатты. Мәселен, Баянауыл ауданындағы «3-бесжылдық» колхозының 75 жастағы қарт мүшесі Молша Шағалин танк жасау қорына 50 мың сом өткізіпті.
Молша Шағалиннің өмір жолын Қалмұқан Исабаев өзінің «Лена қырғынында болған баянауылдықтар» атты еңбегінде толық сипаттайды («Сарыарқа самалы», 2000 жылғы 26 ақпан).
Жазушының әңгімелеуінше, 1915 жылы Баянауылдың жігіттері ағылшындар Екібастұзды ашатын болыпты дегенді естіп, осында келеді. 1918 жылдың көктемінде Екібастұзда үлкен митинг өтеді. Царев пен Егеубаев сөз сөйлеп, Кеңес өкіметін жариялап, ағыл-шындарды кен басынан қуып шығады. Молша баласы Ыбырай екеуі бірі шахтер, екіншісі оттықшы болып істейді. Ол кезде Екібастұзды аштық жайлаған. Көпшілік «Ленин бізді бұл қалпымызда қалдыр-майды, жағдайды түзейді» деп сенді. Айтқандай-ақ, 1919 жылдың қысында Еңбек пен Қорғаныс Кеңесінің арнаулы қаулысымен Екібастұзға көп көмек көрсетіледі. Азық-түлік жеткізіледі.
1918 жылғы ақпанның бас кезінде Молша баласы Ыбырайды жұмысқа аттандырып тұрып:
— Тыным дегенді білме, қарағым, — деді, — бүгінгі табысымыз түгелдей Қызыл Армияға көмекке барады.
Екібастұздықтардың сол күнгі еңбегіне тиген 35 мың сомға астық сатып алынды да, Москваға жөнелтілді (Омбының «Советская степь» газеті, 1920 жылғы 7 ақпан).
«Ыбырайдың әлі есінде, 1920 жылдың боран үріп, аяз қарыған қысының бір күні әкесі таң атпай тұрып, киіне бастады:
— Кереку көмірсіз қалыпты. Жетім балалар тоңып жатыр деседі…
Сол кездің баспа органдары бізге мынадай мағлұмат қалдырған: «Екібастұз коммунис-тері Павлодардың жетім балалар үйінде диірмен және шеберханаларда отынның жоқтығын естіп, 22 декабрь күні болған мәжілісінде кідірместен шахтаға түсіп, Павлодарға көмір беруге қаулы алған. Түнгі сағат онда партбюроға жүз шақты жұмысшы жиналып, шахтаға түскен. Ал таңғы сағат алтыда олар темір жолға бұрыннан қазылып қойылған 3000 пұт және өткен күні қазылған 4500 пұт көмір артқан еді…» деп жазады Қалмұқан Исабаев ағамыз.
1929 жылы Молша ауылының өзіндей кедей-кепшігімен бас қосып серіктік құрысты да, ортаға бір түйе, екі өгіз және бір сиыр қосты. 1936 жылы Қызылшілік қонысында үшінші бесжылдық атын-дағы колхозды ұйымдастырғанда Молша алғашқы мүшелердің бірі болып кіріп, ортаға төрт қара берді. 1939 жылы екі биесінен ақбақай құлын туды. Сол жылы екі арғымақ өсіріп жатқанын айтып, К.Е.Ворошиловқа хат жазып, «большевик Молша» деп қол қойды.
Келесі жылы Молша Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, Москваға екі атын да ала барды. Екеуіне де «Баян» деген ат берілген еді. Аттарының көрмеде жоғары баға алғаны сонша, КСРО Байланыс халық комиссариаты сол жылы Молшаның аттары бейнеленген почта ашықхатын (открытка) шығарды. Бұл туралы Қалмұқан аға «Ыбырайдың қолында Молшаның аттарын әскери көлік қатарына алу жөнінде 1941 жылдың 6 қыркүйегінде берілген квитанция сақтаулы. Онда Молша қарттың әр атты бір шелек, бір тарақ, бір щетка, бір жүген, бір қоржынмен жабдықтағаны айтылған» деп жазады. Ал 1942 жылы бүкіл кеңес халқы танк колоннасын жасауға жұмылғанда Молша балаларын жинап алып: «Біздің де үлес қосуымыз керек», — деді. Сөйтіп ол 50 мың сом қаражат қосып, И.В.Сталинге былай деп хат жазды: «Мен танк колоннасын жасауға белсене қатысуды өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Танк колоннасын жасауға берген қаржымның әр сомасы қаныпезер фашистердің басына оқ боп жаусын. Сәлеммен, большевик Молша».
Көп кешікпей Бас қолбасшыдан жауап алды:
«Қызыл Армияның бронетанк күшіне көмегіңіз үшін сізге, Шағалин жолдас, алғыс айтам. Өзімнен сәлем, Қызыл Армиядан алғыс қабыл-даңыз. Сталин». «Правда» газетінің 1943 жылғы 13 ақпандағы санында «Баянауыл аудандық партия хатшысы Ш.Бердіғұловтың «Москва. Кремль. Товарищу Сталину» деген хаты және оған Сталиннің жолдаған жауабы жарияланған: «Баян-Аул, Павлодарской области. Секратарю райкома партии тов. Бердыгулову. Передайте колхозникам и колхозницам Баян-Аульского района, собравшим 1.250.000 рублей на строительство танковой колонны «Колхозник казахстана», — мой братский привет и благодарность Красной Армии».
Ал Баянауыл аудандық «Ленин туы» газетінде 1944 жылдың 9 мамыр күнгі санында Молша қарттың соңғы он жыл ішінде колхоз құрылысын нығайта түсуге өз тарапынан 70 саулық, 4 бұзаулы сиыр, 6 өгіз, 2 түйе, 34 жылқы бергені жазылған.
Біз атап отырған Молша Шағалин — бүгінгі таңда Торайғыр ауылдық округінің әкімі қызметінде отырған Мұхтар Молшиннің атасы, ал Молшаның әкесі Шағаланың Алаштың ардақты ақыны Сұлтанмахмұттың:
«Шықай мен Шағала,
Қойың кетті бағана.
Тепең-тепең етесің,
Қойыңа қашан жетесің?» деп келетін алғашқы өлеңінің кейіпкері екенінен көпшілік хабардар. Сол кезде Сұлтанмахмұт Торайғыров 6 жаста болған екен. Атап өтерлік жайт, соғыс техникасына қалтасынан қаражат берген Молшаның үш ұлы бірдей қан майданға аттанған. 1900 жылы туған Бәкен Молшаұлы 1941 жылы соғысқа аттанып, генерал Власовтың армиясында болып, кейін төрт жылын неміс концлагерінде өткізеді. 1945-1954 жылдар аралығында Хабаровск өлкесінде Сталин лагерінің зобалаңын кешіп, кейін ақталды. 1985 жылы өмірден өткен.
1904 жылы туған Омар Молшаұлы Волгоград майданында соғысқан. 1983 жылы дүниеден өтті.
1911 жылы туған Жаңабай Молшаұлы Днепропетровскіде, Румянияда соғысты, бейбіт жылдары ұстаз болып еңбек етті. 1992 жылы көз жұмды.
- Молша Шағалин туралы деректер мен фотосуреттерді редакцияға қарт ұстаз, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Шолпан Жақыпова және Мұхтар Молшин ұсынды.
Майдан хаттары
Сәлеметсіз бе, ардақты әке!
Отанымыздың қарулы күштерін нығайтуға 50 000 рубльмен үлес қосқаныңды білге-німде, қатты қуандым. Сенің үлесің — тылымыздың берікті-гінің, әкелеріміз бен аналарымыздың, апаларымыздың Қызыл Армияны қуаттандыруға қамқорлық танытып жүргендігінің тамаша айғағы. Бәріміздің көкейімізде бір ғана арман бар — жауды тезірек жеңіп, бақытты, берекелі ғұмыр кешу.
Әке! Мен өз жерімнен соңғы фашисті қуып шыққанша үйге оралмаймын. Ұлың Жаңабай Молшин.
Жаңабай Молшин соғысқан Н. бөлімшесінің командирінен келген хат:
«От имени бойцов и командиров, где служит Ваш сын, шлем Вам, дорогой товарищ Шагалин, боевой красноармейский привет! Радостно сознавать, что в глубоком тылу наши отцы и братья проявляют такую заботу об укреплении вооруженных сил Красной Армии. От души благодарим Вас за Ваш подарок. Вы — в тылу, мы — на фронте будем защищать нашу славную родину.
Смерть проклятым немецким захватчикам!».
1943 жылғы 8 тамыздағы «Большевистский путь» газетінен.
Жанаргүл ҚАДЫРОВА,
Екібастұз қаласы.