Жаз айларында жасөспірімдердің ересектерден қалыспай еңбек етіп, табыс табуларына мол мүмкіндік бар. Бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, жергілікті әкімдіктерге еңбекқор балаларға қолдау көрсету жөнінде тапсырмалар жүктелуде.
Сонымен, биыл жазғы демалыс кезеңінде облыс оқушыларын жұмыспен қамту шаралары қалай жүзеге асады? Жалпы, неше бала еңбек етеді деп жоспарлануда? Олар қандай шаруамен айналысады және жалақы мөлшері қанша? Сондай-ақ, еңбекқор жасөспірімдерге қандай талаптар қойылады? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айтуарова Алма Ермекқызы жауап береді.
– Алма Ермекқызы, алдағы жаз айларында аймақ бойынша неше бала жұмыспен қамтылады және олар қандай мекемелерге орналасады?
– Жазғы демалыс уақытында барлығы 12063 жасөспірім уақытша еңбекпен қамтылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 2775 бала «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істейтін болады. Олардың айлық жалақысы 77500 теңгені құрайды. Сонымен қатар, 8556 оқушы мен 271 ауылдық жерлердегі колледж студенті кәсіпкерлер есебінен жұмысқа орналасса, 461 бала жақын туыстарында еңбек етеді деп күтілуде.
– Елімізде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау мәселесіне баса назар аударылуда. Бұл ретте, демалыс кезеңінде еңбек ететін жасөспірімдердің жағдайы қаншалықты қадағаланады?
– Әрине, еңбек ететін балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі әрдайым бақылауымызда болады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес кәмелет жасына толмағандардың еңбек етуіне қойылатын барлық талап сақталады. Яғни, балаларды ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді. Жұмыс уақыты жас ерекшелігіне қарай қысқартылған режимде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі бойынша түсіндіру шаралары жүргізіліп, ата-аналардың келісімі міндетті түрде ескеріледі.
Балалардың еңбек ету кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс орындарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Тексеру тобының құрамына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, білім беру, құқық қорғау саласының мамандары, еңбек инспекциясы және мүдделі мемлекеттік органдар-
дың өкілдері енеді. Мониторинг барысында еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, санитарлық жағдай, жұмыс режимі, балалардың құқықтарының қорғалуы және заң талаптарының орындалуы қатаң қадағаланатын болады. Сондай-ақ, жұмыс беруші, ата-ана және білім беру ұйымы арасында үш жақты келісімшарт жасалып, онда тараптардың құқықтары мен міндеттері, еңбек жағдайлары және қауіпсіздік шарттары нақты айқындалады. Осы мақсатта 2026 жылғы 22 мамыр күні барлық білім беру ұйымында жалпы мектепішілік ата-аналар жиналыстары өткізіліп, онда жазғы кезеңдегі балалардың еңбекпен қамтылуы, құқықтарының сақталуы, қауіпсіздігі және заңды еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері қаралады деп жоспарлануда.
– Жұмыс істегісі келетін жасөспірімдер қайда хабар-ласуы қажет және қандай құжаттар жинауы тиіс?
– Жаз айларында жұмысқа орналасқысы келетін жасөспірімдер өздерінің білім беру ұйымдарына, жастар ресурстық мекемелеріне немесе Мансап орталықтарына хабарласуларына болады. Оларды уақытша жұмысқа қабылдау барысында міндетті түрде жеке куәлік немесе туу туралы куәлік, ата-анасының рұқсаты және медициналық анықтама талап етілуі мүмкін.
– Негізі, балаларға қандай жұмыстар ұсынылады?
– Оқушылар жас ерекшеліктеріне сәйкес жеңіл жұмыстармен айналысады. Атап айтқанда, мектеп аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру, кітапханалар, мәдениет және спорт ұйымдарындағы іс-шараларға көмектесу, волонтерлік және экологиялық акцияларға қатысу сынды жұмыстарды атқара алады.
Ал ауылдық жерлердегі оқушылар көгалдандыру, бақша жұмыстары, ауылды абаттандыру, мал азығын дайындау сияқты шаруаларға жәрдемдесіп, маусымдық жұмыстарға тартылады.
– Оқушыларды жұмыспен қамтуға қатысты қандай қиындықтар бар?
– Оқушыларды жұмыспен қамту барысында кездесетін негізгі қиындықтардың бірі – кәмелетке толмағандарға арналған бос жұмыс орындарының шектеулі болуы. Сонымен қатар, жұмыс берушілер тарапынан еңбек қауіпсіздігіне қойылатын жоғары талаптар мен заңнамалық жауапкершілік те кері әсерін тигізетіні жасырын емес.
Десе де, облыс оқушыларының жазғы кезеңдегі бос уақытын тиімді ұйымдастыру және оларды уақытша жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасатын болады.
Бастысы, балалар өз қалауымен еңбек еткісі келсе және денсаулық жағдайы жараса, сондай-ақ, ата-анасы рұқсат берсе, жұмыспен қамту мәселесі әрдайым қолдау табады дегім келеді.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.
