Павлодарда биыл жол жөндеуге ерекше көңіл бөлінбек. Биыл шаһардағы 22 магистральдік көшеде заманауи технологияларды қолдана отырып жалпы ұзындығы 43,6 шақырымды құрайтын жол учаскелерін жөндеу жоспарланған.
Биыл жөңдеу жүргізілетін көшелер қатарында Академик Сәтбаев, Катаев, Қайырбаев, Кривенко, Мәшһүр Жүсіп, Радищев, Нұркин, Баян батыр, Амангелді, Мұқағали Мақатаев, Каз правда, Российская, Геринг, Бекмаханов, Академик Марғұлан, Генерал Дүйсенов, Бұқар жырау, Академик Шөкин, Естай, Ледовской, Жібек жолы көшелері мен Авиақалашық автожолы бар.
Қала әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, қазіргі таңда тоғыз учаскедегі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Атап айтқанда, Академик Сәтбаев көшесінің Ломов көшесіне дейінгі бөлігі, Баян батыр, Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау, Кривенко көшелері, Авиақалашық жолы, Кастинг бағыты, сондай-ақ Луначарский, Аймауытов және Ледовской көшелері жаңартылған.
— Ледовской көшесінде тек жол жабыны ғана емес, сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақ орындарын абаттандыру қарастырылған. Аталған жұмыстар келесі аптада толық аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Генерал Дүйсенов, Нұркин, Естай және Российская көшелерінде жөндеу жұмыстары басталды. Ал Радищев, Амангелді, Геринг, Академик Шөкин және Бекмаханов көшелері тозығы жеткен учаскелер болып саналады. Академик Шөкин көшесіндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін мердігер ұйым Катаев көшесіне көшеді, — деді қала әкімі Хасар Хабылбеков.
Биыл Павлодар қаласында жолдарды жөндеу жұмыстары барысында өткен жылдың тәжірибесі негізінде шағыл тасты-мастикалық асфальтобетон (ШТМА) технологиясын қолдану жалғасады. Бұл материал автокөлік қозғалысының артуын ескере отырып, жол жабындысының сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттыру мақсатында пайдаланылуда.
Жол жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды күшейту мақсатында «Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі жыл сайын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Павлодар облыстық филиалымен келісімшарт жасайды. Орталық мамандары жол жабыны материалдарын тұрақты түрде тексеріп, сараптамалық сынақтар жүргізеді. Егер зерттеу нәтижесінде ақаулар анықталса, мердігер ұйымдар кепілдік міндеттемелері аясында барлық кемшіліктерді өз қаражаты есебінен түзетуге міндетті.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, белгілі бір жол учаскесінде жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігерлер жөндеу түріне байланысты 1 жылдан 5 жылға дейін кепілдік міндеттемелерін орындайды. Кепілдік мерзімі ішінде жөндеу жұмыстарының сапасыз орындалғаны анықталса, мердігер жол жабынын өз қаражаты есебінен қалпына келтіреді
Еске салайық, өңірде жолдарды жөңдеу бойынша жұмыстар 30 наурыздан басталды. Жалпы, жол жөндеу жұмыстарын маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Нұрайым ҚАЛЫБЕК.
Суреттерді түсірген – Е.Исабек.
