Жылыту маусымына әзірлік басталды

Сәу 30, 2026

Кезекті жылыту маусымы аяқталып, алдағы қыс мезгі-ліне дайындық науқаны басталып кетті. Жаздың жаймашуақ үш айы көзді ашып-жұмғанша өте шығатыны рас. Сондықтан қыста аяздың салдары ауыр болмауы үшін мамандар жылы кезде керек-жарағын сайлап, кем-кетігін түгендеп алады. Мұндай қызу жұмыс бүгінде жылу, сумен қамтамасыз ететін қызметте қыза түсті. Жылыту маусымын аяқтай сала гидравликалық сынақ өткізіп, ақауларын анықтап, қажетін жөндеуге кірісті. Осы ретте, биыл қандай жұмыс ауқымы жоспарланғанын, ыстық судан тұрғындар қанша уақытқа ажыратылатынын құзырлы органнан білген едік. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының жылумен жабдықтау бөлімінің басшысы Жангелді Қожанов кеңірек айтып берді.

 

– Жангелді Мейрамұлы, қазіргі гидравликалық сынақтар барысына тоқталсаңыз… Алғашқы сынақтар қалай өтуде? Ақаулар анықталды ма?

– 2025 жылы облыстың үш қаласында жылумен жабдықтау желілерінде күзгі гидравликалық сынақтар өткізілді, оның қорытындысы бойынша 295 зақым анықталып, бәрі жойылды. Олардың 52-сі магистральдік жылу желілерінде болса, 243 ақау орамішілік жылу желілерінде анықталған еді. Ағымдағы жылға қатысты қазіргі уақытта қалалық әкімдіктер магистральдік және орамдық жылу желілеріне гидравликалық сынақтар жүргізу кестесін бекітті. Мәселен, Павлодар қаласында 21-25 сәуір аралығында Солтүстік желілік ауданда сынақтар өткізілді. Мұнда 64 зақымдану анықталды. Нақтырақ айтсақ, 11 ақау магистральдік жылу желілерінде, 53-і орамдық жылу желісінде тіркелді. Ал Оңтүстік желілік ауданда сынақтар 27 сәуірден басталып, 1 мамырға дейін жүргізіледі. Екібастұз қаласында 22-23 сәуір аралығында температуралық сынақтар жүргі-зіліп, 6 зақымдану анықталды. Гидравликалық сынақтар әлі де жалғасуда. Ақсу кентінде жүргі-зілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде  ақаулар анықталған жоқ. Ақсу қаласында сынақтар әлі жалғасуда. Бүгінде зақымдарды жою үшін қалаларда 66 бригада мен 37 техника дайындалды.

– Жалпы, облыста жылу орталықтарындағы негізгі жабдықтардың, үш қалада жылу, су желілерінің тозу көрсеткіші қандай деңгейде? Биыл облыста қанша жабдықты, жылу желілерін жөндеу жоспарланған?

– Павлодар облысының үш қаласын жылумен 5 жылу көзі қамтамасыз етіп отыр. Олардың жалпы орташа тозу көрсеткіші 63,1 пайызды құрайды. Жаңа жылыту маусымына дайындық аясында ағымдағы жылы облыстың жылу көздерінде 32 негізгі жабдықты жөндеу көзделген. Оның ішінде 24 қазандық, 6 турбина және 2 түтін құбыры жөндеуден өтеді. Бүгінгі таңда 7 негізгі жабдық жөнделуде, қалған 25-і алда жөндеуге кіргізіледі. Ал сумен жабдықтау желілерінің тозуы – 46,8 пайыз, су бұру желілерінің тозуы – 72,2 пайыз. Ағымдағы жылы 14,2 шақырым сумен жабдықтау желісі және 13,1 шақырым су бұру желілерін салу және қайта жаңарту жоспарланған. Яғни, 16 жоба іске асады. Жылу желілерінің жалпы тозуы 78,2 пайызды құрайды. Ағымдағы жылы 37,4 шақырым желіні жөндеу жоспарланған. Осы жобаларды іске асыру қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 76,6-ға немесе 1,6 пайызға дейін төмендету көз-делген.

– Әдетте, гидравликалық сынақтардан кейін анықталған ақауларды жою кезінде қалалық мекендерде ыстық су ұзаққа өшіріледі. Биыл жағдай қалай болмақ? Ыстық су қанша уақыт болмауы мүмкін?

– Желілерде зақым немесе ақаулар анықталмаған тұрғын үйлерде сынақ аяқталғаннан кейін бірден ыстық сумен жабдықтау қалпына келтіріледі. Ақау анықталған үйлерде жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ыстық су беріледі. Үш қала әкімдіктерінің ресми ресурстарында 2026 жылдың 5 мамырына дейін ыстық судың қашан қосылатыны туралы ақпарат беріледі. Онда қай мекенжай нақты қай күндері қосылатыны көрсетіледі.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.