Ертеде өмір сүрген кішкентай ғана қызды жұрттың бәрі Көк Телпек атап кетті. Өйткені шешесі оған көк барқыттан әдемі телпек тігіп берді де, қыз оны үнемі киіп жүрді.
Бірде Көк телпектің анасы тәтті бәліш пісіріп, оны бір құты шырынмен бірге себетке салып, қызына:
– Айналайын Көк телпек, мына бәліш пен шырынды әжеңе апарып берші. Ол аздап ауырыңқырап тұр. Бұл оның әлденіп алуына көмектеседі және сені көріп қуанып қалады. Тоғайдан өткенде қасқырдың көзіне түспеу үшін жолдан шығушы болма, – деді анасы.
— Түсіндім, анашым, – деді Көк телпек.
Әжесі қалың тоғайдың ішіндегі өзінің шағын үйінде тұрады. Көк Телпек ол жерді жақсы білгендіктен, адасамын деп қорыққан жоқ.
Көк телпек жол бойындағы қызыл гүлдер мен бүлдіргенді көргенде: «Менің құрбым Қызыл телпек өзінің әжесіне бір жақсылық істегісі келгенде оған гүл сыйлайтын. Мен де әжеме сондай тарту жасайын» деп ойлайды.
Сөйтіп, ол қызыл гүлдер мен балбырап пісіп тұрған бүлдіргенді жинай бастады.
Тоғайды кезіп жүрген қасқыр, әрине Көк телпекті бірден байқап қалып, оған бас салмақшы болды. Бірақ жолдың маңайында ағаш кесушілер болғандықтан, қызға бас салуға батылы жетпеді.
Қасқыр оған ақырын жақындап келіп, құйрығын бұлғаңдатып:
– Қайырлы таң, аяулы Көк телпек! Қайда шықтың? – деп сұрады сыпайы үнмен.
Көк Телпек қасқырдан қорықпай:
– Анам ауырып жатқан әжеме тәтті бәліш пен шырын апаруға жұмсады. Сонымен бірге әжеме бір бума гүл мен бүлдірген теріп алайын деп едім, – деді жымиып.
– Жарайсың, мейірімді қыз. Менің сен сияқты немерем болса ғой, шіркін! Гүлді көбірек жинап ал. Әзірше сау бол. Айтпақшы… сенің әжең қайда тұрушы еді? – деді қасқыр.
Көк телпек қулана күлімсіреп:
– Сен мына тоғайды жақсы білесің бе? – деп сұрады қасқырдан.
– Жоқ, – деп жауап берді қасқыр, – мен осы жаққа жуырда ғана келдім.
– Ана жолмен көлденең жол кездес-кенше тура жүре беру керек, жүре беру керек. Әжем сол жерде кішірек үйде тұрады.
– Ал, сау бол. Қазір менің бұрылуға да мұршам болмай тұр, – деді қасқыр.
Ол осылай деді де, өз ісімен бара жатқандай, Көк телпекті де, оның әжесін де білгісі келмейтіндей сыңай танытып, жолдың бойымен баяу жүріп кетті.
Алайда Көк телпек қасқырдың қуланып тұрғанын түсініп, гүл теруін қоя салып, әжесінің үйіне жолмен емес, тоғайдың ішімен төтесінен тура тартты. Сондықтан ол қасқырдан бұрын жетті.
Үйге жүгіріп кіріп, бірден әжесіне:
– Әже, тезірек жерқоймаға тығыл, осында қасқыр келе жатыр… Қорықпа. Мен өзім-ақ оны жеңіп шығамын! – деді асыға сасқалақтап.
Сосын әжесінің жерқоймаға түсуіне көмектесті де, өзі ас үйге жүгіріп кетті. Нанды үлкендеу қып кесіп алып, оған қыша жағып, үстіне бұрыш пен тұз сеуіп, өзі үйдің жанында тығылып қалды.
Бұл кезде қасқыр қыздың әжесінің үйіне жетіп, ешқандай рұқсатсыз кіріп келді. Сосын жататын бөлмеге өтіп, ауру кемпірдің еш жерде жоқтығына қайран қалды. Ол көп ойланбастан, Көк телпек мұны әжесі екен деп ойласын деп, кемпірдің бас киімін кие салып, төсекке жата кетіп, көрпені жамылды.
Осы кезде есік қағылды.
— Кім бұл? – деп сұрады қасқыр дауысын барынша нәзік етуге тырысып.
— Мен ғой, әже. Көк телпек.
— Қызым, тұтқаны бас, есік ашық.
Көк телпек жататын бөлмеге кіріп:
— Әже, сәлеметсіз бе? Ауырып қалғансыз ба? Міне, мамам сізге бутерброд беріп жіберді. Жеп алыңыз. Сосын жеңілдеп қаласыз.
Қасқыр болса, берген нәрсеге көзін де салмай, қыша жағылған, үстіне бұрыш пен — тұз аямай салынған кесек нанды бірақ қылғытты. Сосын кенеттен оқыс шашалып, көзі аларып, жас шықты, жүні үрпиді…
— Әкем-ай! Маған не болды? – деп қырылдады қасқыр.
Қасқыр шоқ басқандай төсектен атып тұрып, пысқырды, жөтелді, түшкірді.
Мұны көрген Көк телпек күлкісін әзер тыйып:
— Әжетай, саған не болды? – деп сұрады, ештеңе білмегендей болып.
— Қайдағы әже? – қасқыр ырылдап, ашық тұрған терезеден секіріп кетіп, ыдыстағы суды қомағайлана жұтып-жұтып жіберді.
Аузы мен өңеші оттай жанған қасқыр суды жұта берді, жұта берді.
Ал Көк телпек әжесін жерқоймадан алып шығып, оған барлық тарихты айтып берді. Әжесі көзінен жас аққанша күлді. Сосын екеуі үстел басына жайғасып отырып, тәтті бәлішті жеп шырынды ішті.
Осы оқиғадан кейін бірде-бір қасқыр тоғайда Қызыл телпекке де, Көк телпекке де қулығын асыруға тырыспайтын болды.
Орыс тілінен аударған — Серік САТЫБАЛДИН, Павлодар қаласы.