Ерліктеріңіз мәңгі есте!

Мам 15, 2025

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай қалалар мен аудандарда 1 мыңға жуық шара ұйымдастырылды. Аталмыш шаралар аясында Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылып, түрлі концерттік бағдарлама өтті. Сондай-ақ, соғыс ардагерлері мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік медальдармен марапатталды.

Шаралар легі алдымен «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов, тыл еңбеккерлері мен олардың туыстары, әскерилер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары қатысты.

«Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсімі барысында аймақ басшысы оң мыңдаған жауын-гердің құрбандығы арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткенін атап өтті. Тұрғындары 6 миллионнан асатын Қазақстан қан майданға өз азаматтарының 20 пайызын аттандырды, солардың әрбір екіншісі сұрапыл соғыста қаза тапты. Кейін жиналған қауымды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.

— Бейбітшілік пен бостандық жолында күрескен барлық жанға басымды иіп, алғысымды білдіремін. От пен оқтың ортасында жүріп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қазыналы ардагерлерімізді мақтан тұтамыз. Өскелең ұрпақтың соғыс жылдарындағы ауыр күндер мен қиындықтарды есте ұстап, еркін және тәуелсіз елде өмір сүруіміз үшін опат болған батырларды еске алуы маңызды, — деді Асайын Байханов.

Жиналғандар соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, «Даңқ» обелискісіне гүл шоқтарын қойды.

Атап өтейік, Жеңіс күні облыстың қала мен аудандарында көптеген патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, Орталық мәдениет және демалыс саябағында Естай атындағы мәдениет сарайының үрмелі аспаптар оркестрінің мерекелік концерті өтті. Ал кешкі уақытта Орталық жағалаудағы «Ertis Promenade» сахнасында гала-концертпен жалғасты. «Ertis Promenade» сахнасындағы концертке Иса Байзақов атындағы облыстық филармония, Естай атындағы мәдениет сарайының әртістері, сондай-ақ Оқушылар сарайының жас әншілері мен бишілері бар. Кеш барысында өнерпаздар соғыс жылдарының жүрекке жететін әуендерін, патриоттық шығармалар мен салтанатты марштар орындап, тыңдаушылардың жүрегін батырлардың ерлігіне деген мақтаныш пен алғыс сезіміне бөледі. Концерттік бағдарлама мерекелік отшашумен аяқталды.

Жеңіс күні бірлік пен мақтаныштың символы болып қала береді дейді қала тұрғындары. Айтуларынша, бейбітшілікке қол жеткізу жолында өшпес із қалдырған жауынгерлеріміздің есімдері тарих бетінде алтын әріппен жазылуы тиіс. Сонда ғана болашақ ұрпақ жадында сақтап, әр мерекеде тағзым етеді дейді.

Ерлан МАҚАЖАНОВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданға елімізден қаншама азамат аттанды. Олар ел үшін, жер үшін күресті. Сондықтан бейбіт Тәуелсіз елде тұрып жатқанымызды мақтан етуіміз керек.

Айдана БОРАНБАЕВА.