Апталыққа қатысыңыз!

Мам 15, 2025

Қазақстанда алғаш бекітілген Аналар күніне орай (мамыр айының екінші жексенбісі) аймағымызда 12-16 мамыр аралығында репродуктивті денсаулық апталығы өтуде. Ауқымды ақпараттық-профилактикалық шара отбасын жоспарлау, ерлер мен әйелдердің денсаулығын жақсарту, сондай-ақ, адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияның маңыздылығын түсіндіру мақсатында қолға алынған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Мұқышеваның айтуынша, өткен жылы аталмыш апталық аясында 3 мыңға жуық адамға кеңес берілген. Жыл сайын шараға қатысушылардың қатары артып келеді.

— 12 мамыр – әйелдер денсаулығы күні болып белгіленді. Дүйсенбі облыс орталығындағы «Almaz Medical Group» ЖШС, Павлодар қалалық №3 емхана мен Екібастұз қалалық №3 емханаларында қыз-келіншектер қауымын сала мамандары қабылдап, қажетті кеңес берді. 13 мамыр — жастардың репродуктивті денсаулығына арналды. Бұл күні ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында қала-аудан емдеу мекемелерінде жасөспірімдермен кездесулер ұйымдастырылды. Оның аясында сағат 9:00-12:00 аралығында АИТВ-ге қарсы (ВИЧ) экспресс-тестілеу жасауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, аталмыш ауру жөнінде СПИД орталығының инфекционист-дәрігері кеңес берді.

14 мамыр – отбасын жоспарлау мәселесі талқыланады. Жоғарыда атаған емханаларда сағат 9.00-12.00 аралығында репродуктолог дәрігердің қабылдауы өтті. Сонымен қатар, қала-аудандардағы емдеу мекемелерінде әйелдер кеңесі бөлімдерінде отбасын жоспарлау, жыныстық және репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша мол мағлұмат берілді. 15 мамыр – ерлер денсаулығына бағытталады. Қала-аудан емханаларында Ашық есік күндері өтеді. Ерлер үшін репродуктивті денсаулық мәселелері бойынша кеңестер ұйымдастырылады. 16 мамыр – адам папилломасы вирусына қарсы күрес күні. Мамандар аурудың зардабы мен одан сақтану мақсатында вакцинаның маңыздылығын жан-жақты түсіндіреді, — дейді А.Мұқышева.

Айгүл Мақанқызының айтуынша, облыста фертильді жастағы әйелдердің үлесі 173 мыңнан асатынын айтты. Өткен жылы 15-17 жас аралығында кәмелетке толмаған 30 қыз ана атанған. 2023 жылы жас аналардың саны 61-ді құраған. Бұдан бөлек, 2021-2024 жылдар аралығында аймақта экстракорпоральді ұрықтандыру әдісі (ЭКО) бойынша 384 бала өмірге келген. Өткен жылы 280 квота бөлінген. Нәтижесінде 74 әйел бала сүю мүмкіндігіне ие болған. Биыл да «Аңсаған сәби» бағдарламасына 280 әйел қатыспақ.

— Жуырда мектеп оқушылары, студенттер жазғы демалысқа шығады. Ата-аналардан ұл-қызының тәртібіне ерекше мән беруді сұраймын. Репродуктивті денсаулық апталығына қатысып, мамандардың кеңесіне құлақ асса деймін. Қыздарды ерте жүктіліктен қорғай алуымыз керек. Статистика екі есе азайғанымен мұндай фактілерді болдырмаған абзал. Өйткені ерте жүктілік ана өміріне қауіп төндіреді. Сонымен қатар, қыздар арасында жатыр мойны обырынан сақтану үшін вакцина алудың маңызы зор екенін ұғындыру керек. Биыл адам папиллома вирусына қарсы 11 мың доза жеткізілгенін атап өткім келеді, — дейді А.Мұқышева.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.