Емделушілердің талабы ескеріледі

Мам 15, 2025

Былтыр Павлодар қалалық №3 емханасы республика көлемінде үздік емхана қатарынан көрінген болатын. Мұндай жетістікке емделушілерге міндетті әлеуметтік медицицналық сақтандыру аясында сапалы қызмет көрсету, тұрғындардың талап-тілегін жедел орындауы нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Медициналық мекеме басшылығы бірінші қабатындағы емделушілерді қолдау орталығы да жұртшылықтың арыз-шағымын бірінші орынға қоятынын алға тартады.

Облыс орталығындағы №3 емхана Павлодар қаласы мен іргелес орналасқан   Атамекен, Жетекші, Мойылды ауылдарындағы тұрғындарға амбулаторлық-емханалық қызмет көрсетеді. Емдеу мекемесінде 52 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Мамандар тәулігіне кем дегенде 500-ге жуық емделушіге қызмет көрсетеді.

Павлодар қалалық №3 емханасы басшысының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары Ақмарал Бахытованың айтуынша, емханада диагностика және кеңес беру, әйелдер кеңесі, клиникалық-зертхана, күндізгі стационар, физиотерапия, амбулаторлық хирургия орталығы, отбасы денсаулығы орталығы сынды өзге де бөлімдер жұмыс істейді. Мойылды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Атамекен мен Жетекші ауылдарында дәрігерлік амбулатория ашылған.

— Біздің мекеме еліміз бойынша үздік 5 емхана қатарына енді. Мұндай шешімді Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы шығарды. Рейтинг медициналық-санитариялық алғашқы көмекті көрсететін 385 ұйымның ішінен менеджмент және клиникалық көрсеткіштер бойынша анықталды. Үздіктер қатарынан көрінгенімізге қуаныштымыз. Өйткені рейтингтік бағалау Қазақстанның 20 облысы бойынша жалпы саны  772 мемлекеттік және жеке меншік медициналық ұйымдардың арасында өткізілді. Бұл ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында халыққа қызмет көрсету, әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалардың жариялануы, МӘМС аясында жарна төлеу көрсеткіші, тұрғындардың МӘМС-ке қатысты қойылған сұрақтарына  жауап беру, емделушілерді қолдау орталығының жұмысы, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар саны, диспансерлік есепке алынған науқастарға қызмет көрсету сапасы да есепке алынды, — дейді Ақмарал Ермекқызы.

2023 жылы емхана аккредитациядан өтіп, бірінші санатқа қол жеткізген. Бұл — медициналық қызмет сапасының жоғары деңгейде екенін растайтын көрсеткіш.

Емдеу мекемесінің бірінші қабатында емделушілерді қолдау орталығы жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бұл орталық емхана мен емделушілер арасындағы көпір десек, қателеспейміз. Себебі бұл орында емхана басшысының орынбасары мәселесі шешілмеген тұрғындарды қабылдап, көмек көрсетеді. Сонымен қатар, 65-44-58 сенім телефоны және бас дәрігердің WhatsApp нөмірі жұмыс істейді. Азаматтардың жазбаша өтініштері үшін әр қабатта арнайы жәшіктер орнатылған.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2024 жылы емханаға келіп түскен шағымдар саны 58 пайызға төмендеген. Әсіресе тіркеу бөлімінің жұмысына байланысты ескертулер айтарлықтай азайып, медицина-
лық этика бойынша өтініштер
90 пайызға, дәрі-дәрмекпен уақы-тылы қамтамасыз ету мәселелері бойынша талаптар 99 пайызға қысқарған. Сала  мамандарына жазылу бойынша шағымдар  80 пайызға кеміп отыр.  Бұл – 52 мыңға жуық емделушіге қызмет көрсететін мекеме үшін  өте жоғары көрсеткіш.

— Талдау нәтижелері көрсеткендей, 2024 жылы келіп түскен өтініштің басым бөлігі кеңес беру сипатында болды. Бұл ретте жұртшылық тарапынан МӘМС жүйесі туралы сұрақтар, емханаға тіркелу, қымбат диагностикалық қызметтерді алу мәселелері көтерілді. Барлық өтініштерге «Осы жерде және дәл қазір» қағидаты бойынша жедел жауап беріліп, нақты шаралар қабылданды. Бұл — денсаулық сақтау жүйесіндегі сенім мен сапаның нақты мысалы дер едім. Халыққа сапалы қызмет көрсетуді жалғастыратын боламыз, — дейді Ақмарал Бахытова.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.