«Бала – бауыр етіміз. Олар – еліміздің ертеңі. Мемлекет өскелең ұрпақтың білімді әрі жан-жақты өнерлі болып өсуі үшін барлық жағдайды жасайды»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Павлодарлық балаларды өнер-білімге баулитын өңірдегі ең үлкен мекеме — М.Катаев атындағы оқушылар сарайы. Бұл киелі шаңырақтан талай жас талант талабын ұштап, қанатын қатайтып, биікке самғағанын білеміз.
Әрдайым көш басынан көрініп келе жатқан қосымша білім беру орталығындағы шығармашылық ұжымдардың осы оқу жылында жеткен жетістіктері мен жемісті жұмысы жайлы сөз еткенді жөн көрдік.
Мүмкіндік мол
Қазіргі таңда облыс орталығындағы оқушылар сарайында 60 студия мен үйірме жұмыс істейді. Атап айтқанда, көркем эстетикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша балаларға қосымша білім біріледі. Сонымен қатар, «Жас екпін», «Свет звезды», «Тип-топ», «Блейз», «Вдохновение», «Арман-шоу» сынды танымал шығармашылық ұжымдар да бар. Осы топтар мен үйірмелерге 2 мыңға жуық бала белсенді қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдауда.
Аталмыш мекеменің бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу бөлімінің меңгерушісі Әсем Аипованың айтуынша, мұнда келген әр баланың жанына жақын іспен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған.
— Бұл шығармашылық шаңырақта жеткіншектердің ғылыми жоба жазу, ғарыш әлемін зерттеу, робототехника саласымен айналысу, ән шырқап, би билеу, сурет салу, сәнді киім тігу, шаштараз өнерін үйрену, IT мектебінен сабақ алу, тіпті, бизнеске алғашқы қадам жасауына дейін мүмкіндіктері бар. Жалпы, оқушылар сарайы балалардың шығармашылығын дамытып, оларды қоғамдық өмірге бейімдеу, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру мақсатында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, осында мүмкіндігі шектеулі жеткіншектердің бос уақытын мазмұнды өткізуіне басымдық беріледі. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан оқушыларға да қолдау көрсетіледі. Мәселен, олар робототехника, журналистика, астрономия, техника және басқа да бағыттағы сабақтарға тегін қатыса алады, — дейді Әсем Серікқызы.
Демек, оқушылар сарайында өнер-білімге құштар кез келген баланың өзін дамытуына мүмкіндік мол екенін атап өткен жөн.
Нағыз қазақ – домбыра!
Оқушылар сарайындағы ұлттық өнерді ұлықтап жүрген бірден-бір шығармашылық ұжым – «Мұрагер» домбыра үйірмесі. Мұнда балалар домбыра үйреніп қана қоймай, қазақ халқының болмысын терең түсініп, рухани тәлім-тәрбие алады.
— «Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра!», — деп қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әли жырлағандай, бұл сөздердің түбінде ұлттың тілі мен ділі, тарихы мен тағдыры жатыр. Біздің мекемедегі «Мұрагер» ұжымы – осы рухани мұраның аманатын арқалаған жас домбырашылардың ордасы. Үйірме барысында балалар күйдің тарихын, тәрбиелік маңызын түсінумен қатар, күйші-сазгерлердің де өмір жолдарымен таныс болады. Әр күй — бір тағдыр, бір тағылым. Сол арқылы баланың ой-санасы дамып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі арта түседі, — дейді Әсем Аипова.
Жас күйшілер ұжымының жетекшісі, тәжірибелі ұстаз Батырбек Сәрсебеков жеткіншектер домбыра шерту арқылы саусақтарын икемге келтірумен қатар, сабыр мен шыдам, ұқыптылық пен жауапкершілік сынды қасиеттерді де үйренетінін айтады. Ал сүйемелдеуші Қуаныш Райымбековтің кәсіби қолдауының арқасында әрбір өнерпаз өзін сахнада еркін ұстап, образын толық аша алады, дейді оқушылар сарайының өкілдері.
Осылайша, бүгінде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген «Мұрагер» үйірмесінің жас күйшілері облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда оза шауып, жүлделі орындармен оралып, аймақ абыройын асқақтатуда.
— Оқушылар сарайында өтетін барлық мерекелік және тәрбиелік шаралардың шымылдығын «Мұрагер» үйірмесі ашады. Онсыз ешқандай концерт өтпейді. Домбыра үнімен басталған әрбір кеш тыңдарман жүрегін баурап, шараның рухын асқақтатады. Сахна төрінде тартылған «Көңілашар», «Ерке сылқым», «Балбырауын», «Сарыарқа» сынды күйлер көрермен көңілін бірден баурап алатынын көріп жүрміз. Бұл – қазақ күйінің құдіреті, ұлттық өнердің мәңгі жасайтынының айғағы, — дейді бөлім меңгерушісі.
«Жұлдыздар» жарқырайды
Өнер ордасындағы биік белестерді бағындырып жүрген шығармашылық топтың бірі — «Жұлдыздар» хореографиялық студиясы. Бұл ұжымның оқушылары бүгінде облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атануда.
Шығармашылық студияның басты ерекшелігі – ұлттық хореографияны жаңаша сипатта өрнектеп, заманауи би түрлерімен ұштастыра білуінде, дейді мамандар. Яғни, әрбір бидің қимыл-қозғалысы терең мән-мағынаға ие көрінеді. Ең бастысы, «Жұлдыздар» студиясының бишілері барлық биді асқан шеберлікпен орындап, көрермен көңілінен шығуда.
— Оқушылар сарайында өтетін маңызды мерекелік іс-шаралардың көрігін қыздыратын бірден-бір ұжым «Жұлдыздар» студиясының бишілері. Олардың әр қойылымы өте жоғары деңгейде дайындалады. Бишілер сахнада би ғана билемейді, тұтас бір көркем өнер туындысын ұсынады, — дейді Әсем Серікқызы. Оның айтуынша, студияның жетекшісі, талантты хореограф Анжела Тактаулова өзінің шәкірттеріне бидің техникалық қырларын ғана емес, жүрекпен сезініп, өнерге жан бітірудің құпияларын да үйретеді. Нәтижесінде, оның шәкірттері үнемі жеңіс тұғырынан көрінуде. Мәселен, жақында Ташкент қаласында өткен халықаралық «I LOVE to DANCE» хореографиялық байқауында павлодарлық жас бишілер тағы да топ жарып, олжалы оралды. Аталған би сайысына әлемнің әр түкпірінен талантты бишілер қатысып, бақ сынаған.
— Біздің балаларымыз үшін бұл байқаудың алар орны ерекше. Себебі, өнер додасы мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуға және жас таланттардың шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған маңызды оқиғаға айналды. Қатысушылар би өнерінің техникасын жоғары деңгейде көрсетумен қатар, жүрекпен сезініп, бидің құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді, — дейді бөлім меңгерушісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – талантты балалар мен жастарды қолдау және еларалық мәдени ынтымақтастықты дамыту.
Шараға қатысқан шығармашылық топтар, соның ішінде павлодарлық «Жұлдыздар» студиясы эстрадалық, халықтық және заманауи би аталымдары бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткен. Байқау қорытындысы бойынша жоғары топ қатысушылары «Ақ баян» биімен, ал жоғары және орта топтағылар «Афроритмы» аралас биімен бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар, басқа аталымдар бойынша жоғары топ «Пробуждение» биін, орта топ «Арлекино», «Қызғалдақ» билерін билеп, І орын иегерлері атанды. Жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлері дипломдармен марапатталып, медальдар мен кубоктарға ие болды. Студия жетекшісі Анжела Тактаулова да талантты бишілерді тәрбиелегені үшін қошеметке бөленді. Оның айтуынша, халықаралық аренада Қазақстанның би өнерінің биік деңгейде екенін дәлелдеп берген павлодарлық «Жұлдыздар» студиясының алға қойған мақсаты айқын, арманы асқақ. Жас бишілер болашақта жаңа шығармашылық жобалармен шет мемлекеттердің сахнасында өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
Айта кетерлігі, мың бұралған биімен көпті тамсандырып жүрген студияның құрылғанына биыл 11 жыл толмақ. Осыған орай шығармашылық ұжым жылдық есеп беру концертіне қызу дайындалуда.
«Тұмар» — таланттар ұясы
Өнер әлеміне жаңа есімдерді танытып, жас таланттардың жұлдызын жаққан шығармашылық топтың бірі – оқушылар сарайының жанынан құрылған «Тұмар» вокалды-эстрадалық студиясы. Бұл ұжым да белсенді жұмыс істеп, биікті бағындыруда.
Қосымша білім беру мекемесінің мамандары аталған студияның негізгі мақсаты – балалардың талантын ұштап, эстетикалық талғамын қалыптастыру екенін айтады.
— «Тұмар» тобындағы оқушылар үшін сабақтар үш деңгейде, яғни кіші, орта және жоғары сатылар бойынша ұйымдастырылады. Жас ерекшелігіне байланысты әр баланың музыкалық мүмкіндіктерін ескеруге басымдық беріледі. Осында 4-17 жас аралығындағы балалар вокал мен эстрада өнерінің қыр-сырын меңгереді. Студия әрбір қатысушының сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін дамыту үшін үздіксіз жұмыс істейді. Осындай еңбек пен ізденістің нәтижесінде мұндағы тәрбиеленушілердің көбі жоғары орындаушылық деңгейге жетіп, кәсіби сахнада еркін өнер көрсете алатын деңгейге жетуде, — дейді Әсем Аипова.
Бүгінде талантты да талапты балалардан құралған студия қатысушылары Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында, орталық жағалаудағы «Ertis Promenade» сахнасында, сондай-ақ, басқа да облыстық, республикалық іс-шараларға қатысып, өнерлерін паш етіп жүр.
Студияның жетекшісі, кәсіби маман Темірлан Қуанышұлы әр баланың ерекшелігін ескере отырып, шығармашылық қабілетін жан-жақты дамытуға көп көңіл бөлетінін айтады. Сондықтан да болар, бүгінде «Тұмар» студиясының жеке орындаушылары мен ансамбльдері халықаралық, республикалық байқаулардан олжалы оралып, жоғары нәтижелер көрсетуде. Мәселен, осы шығармашылық ұжымның мүшесі Кеңесхан Ерсұлтан ерекше дауысымен көзге түсіп, Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның джаз оркестрімен бірге бірқатар концерттік бағдарламаларға қатысып жүр. Қазіргі таңда жас әнші телеарналар мен жаңа жобаларда жарқырап көрініп, көрермендерді тәнті етуде. Студияда оның ізін басып келе жатқан дарынды оқушылар аз емес. Бұған қарап, «Тұмар» — нағыз таланттар тәрбиелеп шығаратын киелі мекен десек, артық айтқандық болмас.
Жеңіске жеткендер
Осы жыл оқушылар сарайының өнер ұжымдары үшін табысты болды. Олай дейтініміз, биыл бірқатар шығармашылық топтар республикалық, халықаралық додаларда жеңіске жетті. Солардың бірі — «Жаңа Star» вокалдық студиясы наурыз айының аяғында Қазақстанның мәдени астанасы Алматыда өткен III халықаралық көпжанрлы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы байқауына қатысып, қатарынан бірнеше жүлделі орынды еншіледі. Атап айтар болсақ, студияның жас әншісі Айару Аслан І орын алды. Сондай-ақ, Карина мен Гайни Елеусізовалар дуэті және «Айдарай» квартеті де І орынға ие болды. Павлодарлық әншілердің халықаралық байқауда көш басынан көрінуі үлкен жетістік екені сөзсіз.
Бұл жеңістер студия мүшелерінің табанды еңбегінің, шығармашылық талпыныстарының нәтижесі. Біз әрбір қатысушымызбен мақтанамыз және олар алда жаңа шыңдарға жететініне сенеміз, дейді оқушылар сарайының ұстаздары.
Жеңіске жеткендердің қатарында «Жас дәурен» вокал студиясының өнерлі өрендері де бар. Олар ағымдағы жылдың сәуір айында Павлодар қаласындағы Торайғыров университетінің концерт залында өткен «ZHANGYRU» халықаралық байқау-фестиваліне қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Сайыс қорытындысына тоқталар болсақ, «Жас дәурен» студиясының мүшелері Бексұлтан Берекелі, Еркежан Исатай және «Nurlystars» тобы әр түрлі жас санаттары бойынша бас жүлдеге ие болды. Ал кіші жас санатында шығармашылық ұжымның солисі Жанель Ахметова І орын иеленді. Жеңіске жеткен жеткіншектер арнайы дипломдармен марапатталып, «Alakol Summer Fest-2025» байқау-фестивалі аясында Алакөл курортында қатысуға сертификат алды. Студия жетекшісі Баршагүл Ногаева алғыс хатпен марапатталды.
Оқушылар сарайының ұжымы халықаралық сахнада облыс намысын абыроймен қорғап, жоғары жетістіктерге жеткен «Жас дәурен» студиясына дән риза.
Айрықша атап өтерлігі, осы жылы «Блэйз» және «Тип-топ» студиялары үшін де табысты болды. Қос шығармашылық ұжым сәуір айында Павлодар қаласында өткен республикалық «Dance World» байқау-фестивалінде жоғары нәтиже көрсетті. Өнерлі балалар «Халық биінің стилизациясы», «Заманауи би», «Эстрадалық би» аталымдары бойынша қатысты. Фестиваль қорытындысына келер болсақ, «Блэйз» эстрадалық би студиясы «Свет заветной звезды» нөмірімен бас жүлдені, «Қуаныш» биімен І орынды иеленді. Ал «Тип-топ» эстрадалық би студиясының қатысушылары екі аталым бойынша І және ІІ орындарға ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталып, кубоктарға ие болды.
Мұндай үлкен байқауларда биікті бағындырған павлодарлық оқушылардың осынау жеңісі өңірімізде өнерлі өрендердің өсіп келе жатқандығының айқын дәлелі. Ал мұндай деңгейге жету оқушылар сарайындағы талантты ұстаздар еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
Нұржайна ШОДЫР.