Инфекциядан сақтан!

Мам 22, 2025

Ағымдағы жыл басынан бері аймағымызда жұқпалы ішек аурулары, соның ішінде энтеровирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екені байқалады. Мәселен, биыл вирустық инфекцияның 3 жағдайы ғана зертханалық тексеру арқылы расталған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есе төмен. Десе де, мамандар павлодарлықтарға санитарлық талаптарды қатаң сақтау керектігін ескертеді.

Аталған мәселе Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Доща-нованың айтуынша, жыл сайын эпидемиологиялық мониторинг жүргізу үшін ағынды сулар, ашық су айдындары мен су бұрқақтары зерттеліп тұрады. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да қолға алынған. Жыл басынан бері облысымызда вирустық инфекциялар қоздырғыштарын анықтау үшін 34 сынама алынып, оң нәтиже анықталмағаны белгілі болды. Ал былтыр осындай 78 сынама зерттеліп, оның 9-ы оң нәтиже көрсеткен. Алайда жұқпалы індетті жұқтыру қаупі жаз, күз айларында көбейетіндіктен мамандар тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақыруда.

— Энтеровирус қоршаған ортада өте төзімді келеді. Жұқпалы ауру сарқынды суларда, бассейндерде, ашық су айдындарында және тұрмыстық заттарда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Мәселен, суда 110 күнге дейін, ет пен ірімшікте 6 айға дейін сақталады деген болжам бар. Вирустар жаңа піскен көкөністер мен жемістерде де жиі кездеседі. Сондай-ақ, инфекция жуылмаған қол, қайнатылмаған сапасыз су, кейде көпшілік орындарда ауырған адамдардың түшкіруі немесе жөтелуінен ауа арқылы да жұғуы ықтимал. Сол үшін әркім жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаған жөн. Әсіресе, балаларды байқау керек. Өйткені, инфекция жағдайларының 90%-ы 14 жасқа дейінгі балаларда анықталады, — деді Зәмзәгүл Дощанова. Сонымен қатар, ол энтеровирустардан сақтану жолдарымен де бөлісті. Маманның айтуынша, әр адам жұқпалы індеттің алдын алу үшін тамақтанар алдында, сырттан үйге кіргенде, дәретханадан шыққаннан кейін міндетті түрде қолын сабынмен жақсылап жуу қажет. Қайнатылған немесе сүзгіден өткен суды ғана ішіп, ресми түрде рұқсат етілген жерлерде шомылған дұрыс. Сондай-ақ, бау-бақша өнімдерін мұқият жуып пайдалану керек.

Облыстық балалар ауру-ханасының инфекциялық бөлім-шесінің меңгерушісі Аспандияр Қабышев энтеровирустық инфекциялардың маусымы енді басталатынын атап өтті.

— Негізі, бұл инфекция көбінесе күн жылынған кезде су арқылы таралады. Бүгінде ауруханада 4 адам емделуде. Науқастардың сөзіне қарағанда, олар ауылдағы судан инфекция жұқтырып алған, — дейді бөлім меңгерушісі. Оның айтуынша, энтеровирустың бірнеше түрі бар. Оны жұқтырып алған адамда дене қызуының көтерілуі, тері бөртпелері, тамақ ауруы, құсу сынды белгілер байқалатын көрінеді. Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, бірден дәрігер көмегіне жүгінген жөн.

Нұржайна ШОДЫР.