Еңбегі елеулі ел ағасы

Мам 29, 2025

Биыл мемлекеттік қызмет елеулі еңбек етіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосқан қоғам қайраткері Қабдолла Әбеновтің туғанына 100 жыл толып отыр. Айтулы мерейтойға орай Шарбақты ауданында ел азаматының құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Қабдолла Жантілеуұлы  1925 жылы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1965  жылға дейін облыс аппаратында, Баянауыл, Бесқарағай, Павлодар, Железин аудандарындағы партия мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1965 жылдан 1971 жылдың сәуір айына дейін Шарбақты аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, осы лауазымда нәтижелі еңбек етті.

Қабдолла Әбенов партиялық, кеңестік, шаруашылық жұмыстарында жинақтаған мол тәжірибесін тиімді пайдаланып, тұрғын әл-ауқатының жақсаруына жұмсады. Ал қызмет барысында өзін жауапкершілігі зор, ұйымдастыру қабілеті жоғары басшы
ретінде көрсете білді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытып, облыс пен респуб-ликаның азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында атқарған еңбегі – бір төбе. Ерекше атап өтерлігі, Қабдолла Жантілеуұлының тікелей бастамасымен гимназиялық сыныптары бар мектептің үздік оқушысына шәкіртақы тағайындау бастамасы көтерілген болатын. Бұл игі дәстүр бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Нағыз үлгі-өнеге, сара жол осы болса керек!

Осындай атпал азаматтың 100 жылдығына орай өзі қызмет еткен Шарбақты аудандық атқару комитетінің ғимаратында тағзым тақтасы ашылды. Шараға аудан басшылығы, Қабдолла Жантілеуұлының туған-туыстары, жерлестері жиналды.

Аудан әкімі Сержан Иманқұлов қайраткердің өңір дамуы жолындағы елеулі еңбегін ерекше атап өтті.

— Қабдолла Жантілеуұлының аудан мен өңірдің ілгерілеуіне қосқан үлесі сүбелі. Шарбақты ауданында адал қызметімен, абыройлы еңбегімен ізін қалдырды. Бүгін өзі бірнеше жыл жұмыс істеген аудандық атқару комитетінің ғимаратында мемориалдық тақтаның ашылғанына қуаныштымыз. Өскелең ұрпақ осындай азаматтардың өмір мен еңбек жолын білсе, артық болмас. Сонымен қатар, аудан орталығындағы өзі тұрған кең көше Қабдолла Әбеновтің есімімен аталады. Біз алдыңғы буынның қызметін естен шығармай, есімдерінің ұлықталуына мән береміз, — деді аудан басшысы.

Шара Қабдолла Жантілеуұлының інісі, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері, өлкетанушы Мұхтар Әбенов арнайы қатысты. 90 жастан асқан қария ағасының өмір жолын еске алып, игі істің жүзеге асуына ұйытқы болған азаматтарға ағалық алғысын білдірді.

— Ағамыз қоғам жұмысына ерте араласып, ерте есейді. Қысқа ғана 45 жылдық ғұмырында ел игілігі үшін еңбек етуді бәрінен жоғары қойды.  Жоғары лауазымдық қызметтерді атқарса да адами қасиеттерінен, үлкенге құрмет, кішіге қамқор бола білетін мінезінен бір айныған жоқ. Қара басының емес, халықтың жағдайын ойлады.

Өзі аудандық комитеттің хатшысы және аудандық атқару комитетінің төрағасы ретінде қызмет атқарған осы Шарбақты ауданында агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мен ауылдарды абаттандыруға, әлеуметтік салаға, әсіресе ауыл мектептерінің, балабақша, ауруханалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің ахуалына ерекше көңіл бөлді.

Ағамыздың осындай өнегелі ісін бүгінгі буынның лайықты деңгейде жалғастырып жатқаны қуантады. Мемориалдық тақтаның ашылуына мұрындық болып, қолдау көрсеткен облыс пен аудан басшылығына, аудандық мәслихат депутаттарына  ризашылығымызды білдіремін, — деді Мұхтар Зәпішұлы.

Сол сияқты облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев жылы естеліктерді еске алып, кейін Мұхтар Зәпішұлы және отставкадағы полиция полковнигі, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Әбенов Болатбай қажы Жантілеуұлымен бірге тағзым тақтаны салтанатты түрде ашты. Шара гүл шоқтарын қою рәсімімен аяқталды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,

Шарбақты ауданы.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.