Экологиялық жобаның оң тұстары

Мау 5, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Өткен жылдан бастап «Таза Қазақстан» акциясы іске асып, еліміздің қоршаған ортасында айтарлықтай өзгерістер орын алған. Павлодар облысында аталмыш жоба аясында бірқатар шара өткізіліп, оң нәтиже көрсеткені байқалды.

Бұл жөнінде өңірлік экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов брифинг барысында ой бөлісті. «Таза Қазақстан» экологиялық жобасының басты мақсаты – тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастыру, кешенді білім беру және ағартушылық шараларды іске асыру.

Экологиялық бағытты дамыту барысында жоспар бойынша 44 шара өткізілген.  Осындай мазмұнды бағдарламалар қатарындағы эковолонтерлікті қолдау жобалары, экологиялық бейнероликтер, «Саябақтар шеруі», «World Clean-Up Day», «Таза аула» шаралары мен «Үлгілі ауыл», «Парыз», «Экологиялық білім берудің үздік ұйымы», «ProEko» экологиялық байқаулардың маңызы зор. Сондай-ақ, эковолонтерлік қозғалысты жетілдіру мақсатында шағын гранттар байқауы ұйымдастырылды. Нәтижесінде бес грант пен аталым бекітілді. Олардың ішінде жануарларды қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған бастамалар бар.

– Көктем мезгілінде ауқымды санитарлық тазарту акциялары өтті. Жалпы облыстық сенбілікке 35 мыңнан астам тұрғын, 8 мың кәсіпорын қатысты. Шара барысында 15 мың тонна қоқыс шығарылып, 5 мың ағаш отырғызылды, сондай-ақ жүздеген шақырым көше тазартылды. Оған қоса, Баянауыл ұлттық саябағы мен «Ертіс орманы» аумағында экологиялық тазарту кезінде 300 тонна, Ертіс өзенінің жағалау аймақтарында 500 тонна қоқыс жиналып, арнайы науқан аясында облыс бойынша 6 мыңнан астам ағаш егілді, – дейді Павлодар облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сыздықов.

Айта кетейік, бұдан былай аймақ тұрғындары абаттандыру бойынша өтінімдерін Telegram bot платформасына жолдай алады. Бүгінде 223 өтінім қабылданды. Олардың арасында әсіресе жөндеу жұмыстарынан кейін ауланың қалпына келуі мен қоқыс шығару мәселесі қозғалған.

Салтанат ҒАББАС.