Биыл өңірде италиялық прус шегірткесінің көбейгені байқалады. Сондықтан химиялық өңделетін алқаптың көлемі де артты. Сонымен қатар, мемлекеттік қор алқаптарында саяқ шегіртке дернәсілдеріне қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Арман Шүйкеновтің айтуынша, шегірткелі зиянкестерге қарсы химиялық күресу шараларын өткізу – өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан сәуір айында шегіртке тектес зиянкестерге, ауылшаруашылық дақылдарының басқа да аса қауіпті зиянды организмдеріне қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды үйлестіру бойынша облыстық штаб құрылды.
— Саяқ шегіртке дернәсілдеріне қарсы мемлекеттік қор жерлерінде, яғни 28,638 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын өткізу үшін 49,9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Өңдеу жұмыстары облыстың үш қаласы мен барлық 10 ауданында жүргізіледі. Оның ішінде ең ірі алқап, яғни 4,9 мың гектар Железин ауданында тіркелген. Сонымен қатар, Баянауыл ауданында 4,7 мың гектар, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында сәйкесінше 3,3 мың гектар және 3,4 мың гектар өңделеді, — дейді А.Шүйкенов.
Саяқ шегірткелердің орындарын анықтау үшін 131,8 мың гектар аумақ зерттелді. Соған сәйкес өңдеу ісі басталды. Осы уақытқа дейін 8 мың гектар саяқ шегірткеге қарсы препаратпен өңделді. Оған Түркістан облысынан келген мердігер — «Защита растений-К» ЖШС жауапты. Бұл компанияның мамандары 10 желдеткіш бүріккіші арқылы препараттарды шашады. Бір агрегат тәулігіне 150 гектарды қамтиды. Демек, барлығы тәулігіне 1500 гектар аумақты өңдеуге қауқарлы. Бұл бағыттағы жұмыс 15 маусымға дейін жалғаспақ. Бұл ретте атап өтерлігі, саяқ шегірткелер тараған мемлекеттік қор жері былтырғымен салыстырғанда 4 мың гектарға азайған.
Ал италиялық прус шегірткесі керісінше көбейген. Арман Шүйкенов мұны зиянкестердің биологиялық өсімімен байланыстырды.
— Өткен жылмен салыстырған кезде италиялық прусқа қарсы өңделетін аумақ 2,8 мың гектарға көбейді. Облыс бойынша барлығы 19,6 мың гектарда зиянкеске қарсы жұмыстар жүргізіледі. Олардың нақты орнын анықтау үшін 706,1 мың аумақты зерттеу жоспарланып, бүгінде 100,1 мың гектары талданды. Соның өзінде 2,1 мың гектарды өңдеу қажеттілігі туындап, тиісті іс атқарылды. Зерттеу жұмыстарына 52 адам тартылған. Бұл бағытқа 39,6 млн теңге қарастырылды, — деп атап өтті инспекция басшысы.
Арман Бағдатұлы көршілес Абай, Қарағанды облыстары да шегірткеге қарсы кешенді өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты. Сондықтан шекаралас өңірлерден зиянкестер «қоныс аударады» деген қауіп әзірше жоқ.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов егіс науқанының барысына тоқталды. Айтуынша, өткен аптадағы суық ауа райы көктемгі дала жұмыстарына кері әсерін тигізген жоқ. Барлығы жоспардағыдай жүріп жатыр. Атап айтқанда, 600 мың гектарға астық, 400 мың гектардан астам аумаққа майлы дақыл егілді. Жалпы, егіс науқаны маусымның алғашқы онкүндігінде аяқталмақ.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА