Филиалдар ашу ұсынылды

Мау 5, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Алдағы уақытта Ақсуда Павлодар мен Екібастұз қалаларында сынды «Достық үйі» ашылуы мүмкін. Ал облыс орталығы мен кеншілер шаһарындағы мұндай мекеме өңірдің туристік бағыттарының картасына қосылуы ықтимал. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбындағы сессия барысында осы және өзге де ұсыныстар айтылды.

Сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов Ассамблеяны одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын, оның этносаралық келісімді нығайтуда және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын бірегей қоғамдық институт ретіндегі маңыздылығын атап өтті.

— Этностардың алуан түрлілігі — бұл кемшілік емес, керісінше артықшылық екенін Ассамблея бүкіл әлемге дәлелдеді. Этномәдени әртүрліліктің арқасында Қазақстан біздің бірегей жетістігіміз бен халықаралық «брендке» айналған қоғамдық келісімнің тиімді моделін қалыптастыра алды, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Асайын Байханов облыстың аудандары мен қалаларында ҚХА жұмысын күшейтуге бағытталған бірқатар нақты міндетті айқындап берді. Этномәдени бірлестіктердің кеңселеріне жөндеу жүргізу, олардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, Ақсу қаласында «Достық үйін» ашу мәселесін пысықтау — басым бағыттар. Бұл ретте жергілікті жерлерде ҚХА-ның болуына ерекше назар аударылды. Аймақ басшысы ірі кәсіпорындарда және индустриялық аймақтарда Ассамблеяның филиалдарын құруды ұсынып, Павлодар қаласының №24 мектебінің базасында құрылып, табысты жұмыс істеп тұрған ҚХА сыныбының ауқымын кеңейту керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Павлодар мен Екібастұздағы Достық үйлерінің мәдени және қоғамдық маңыздылығын ескеріп, оларды өңірдің туристік бағыттарының картасына енгізу ұсынылды. Ал Павлодар қаласының әкіміне этноскверді жаңғырту бойынша жаңа тұжырымдама әзірлеу тапсырылды. Бұл ретте, этносквердің географиялық орналасуы ескеріліп, этносаралық өзара қарым-қатынас үшін заманауи қоғамдық кеңістік жасалуы қажет. Сессия барысында этномәдени бірлестіктердің, аналар кеңесінің, жастар қозғалыстарының және журналистік қауымдастықтың өкілдері сөз сөйледі. Айтылған сөздердің барлығы бір арнаға тоғысты: Ассамблея ашық диалог үшін сенімді алаң болып қала береді және ондағы әрбір үндеуге назар аударылып, әр бастама қолдау табады.

Аймақ басшысы сессия соңында ҚХА-ның белсенді өкілдеріне өңірдегі бейбітшілікті, келісім мен бірлікті нығайтуға қосқан елеулі үлестері үшін алғысын білдірді.

— Мен бірліктің күшіне шынайы сенетін адамдармен жұмыс істейтінімді мақтан тұтамын. Біз — әртүрліміз, бірақ теңбіз. Осынау бірлігіміз өңіріміз бен бүкіл еліміздің одан әрі дамуының берік негізі болсын, — деп түйіндеді Асайын Байханов.

Этносаралық диалог пен қоғамдық келісімді дамытуға қосқан елеулі үлестері үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 белсенді өкіліне «Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.