Облыс орталығындағы №3 жылу-электр станциясындағы төртінші қазандық агрегатының күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. 10 наурызда басталған жұмыстардың бүгінде 80 пайызы аяқталған. Сондай-ақ, өзге де негізгі жылыту құрылғылары жөндеуден өтуде.
Павлодар қаласының тұрғындарын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін №4 қазандықты жөндеуге шамамен жарты миллиард теңге, дәлірек айтсақ, 496,6 млн теңге бөлінген. Қазандықтың биіктігі тоғыз қабатты үймен бірдей. Ал ұзындығы 160 шақырымды құрайды. Сондай-ақ, станцияда №1 турбинаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған 230 млн теңге бөлінген. Жөндеу науқанының барысы туралы станцияның бас инженері Сергей Петров айтып берді.
— №4 қазандықтан бөлек, №1 турбоагрегат жөндеуден өтуде. Жөндеу мерзімі 1 сәуірден басталып 30 мамырға дейін жалғасады. Қазіргі таңда жұмыстардың 72 пайызы орындалды. Сондай-ақ, биыл биіктігі 180 метр болатын түтін құбыры да жөнделеді, — деді С.Петров.
Айта кетейік, бұған дейін №3 жылу-электр станциясы 50 жылдан бері бір түтін құбырымен жұмыс істеп келген болатын. Сондықтан оны тоқтатып жөндеуге мүмкіндік болмаған. Тек өткен жылы станцияда екінші түтін құбыры іске қосылды. Енді бірінші құбырды жөндеуге мүмкіндік бар. Жөндеу жұмыстары 20 маусым мен 20 шілде аралығында жүргізіледі. Бүгінге дейін құбыр тексеріс үшін тоқталып, сараптамалық қорытындылар алынды. Жөндеу кезеңінде жұмыс істеп тұрған қазандық агрегаттары №2 түтін құбырына ауыстырылады. Бұл станцияның электр қуатын өндіруіне еш кедергісін келтірмейді.
— 20 маусымнан бастап түтін құбырының іші толықтай тазартылады. Яғни, жоғарыдан бастап түбіне дейін тазалаймыз, қосымша тексереміз және барлық жоспарланған жөндеу жұмысын жүргіземіз. Станцияның жылу қуаты төмендеген кезде бізде №1 түтін құбырын жөндеуге мүмкіндік болады. Жөндеуден кейін екі құбыр да қатар жұмыс істейді, — деп түсіндірді бас инженер.
Сондай-ақ, жылыту маусымына дайындық шеңберінде энергетиктер №2 және №3 қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу және ЖЭО-2 турбинасына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізеді. Сарапшылар бірінші турбоагрегат қазірдің өзінде қатты тозғанын атап өтті. Болашақта ол да толығымен жаңартылады. Бұған дейін «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры турбоагрегатты дайындау бір жарым жылға созылатынын, ал жаңғырту 2026 жылы жүргізілетінін атап өткен болатын.
«Павлодарэнерго» АҚ стан-цияларындағы жөндеу науқаны барысында қосалқы және жалпыстанциялық жабдықтарды, ғимараттар мен құрылымдарды, душ және санитарлық тораптарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Бұл ауқымды істер 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңінде станциялар жабдықтарының сенімділігін арттыруға, тұтынушыларды жылумен және электрмен үздіксіз жабдықтау үшін жағдай жасауға және ҚР заңнамасына сәйкес нормативтік-техникалық талаптарды орындауға бағытталған.
Айта кетейік, бүгінде ірі кәсіпорын облыс орталығының басым бөлігін жылумен және электр энергиясымен қамтиды. Негізгі тұтынушылары — өндіріс орындары және көпқабатты үй тұрғындары.
Айдана БОРАНБАЕВА.