Сауықтыруға қанша қаржы бөлінеді?

Мау 12, 2025

Мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау бағы-тында түрлі бағдарламалар іске асырылып, түрлі мақсаттағы әлеуметтік төлемдер жасалуда. Соның бірі – бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды сауықтыруға арналған әлеуметтік төлемнің түрі. Жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмекті қандай санаттағы адамдар алады?  Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мемлекеттен берілетін атаулы жәрдемақыны қалай алады? Бұл туралы Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Бейімбет Тілеубекпен әңгімелесіп, толық ақпарат алған едік.

— Бейімбет Қадырбекұлы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сауықтыруға арналған бірреттік әлеу-меттік жәрдемақы төлене бастаған екен. Бұл ақшаның көлемі қанша және нақты қандай адамдарға бері-леді?

— Павлодар қалалық мәсли-хатының шешімі бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сауықтыруға арналған төлемнің мөлшері 4 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 15728 теңге болып бекітілді. Бұл жылына бір рет сауықтыру мақсатында берілетін әлеуметтік төлем. Мұны тек 18 жастан асқан және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар алады.

— Енді жерлестеріміз осы әлеуметтік көмекті алу үшін қайда баруы керек және қандай құжат жинау керек?

— Бұл ақшаны алудың екі түрлі жолы бар. Біріншісі – Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 32-07-36 нөміріне хабарласып, өзінің әлеуметтік мәртебесін растауы керек. Яғни, мүгедектігі туралы куәліктің қашан берілгенін хабарлап, ЖСН айтады. Сонымен қатар, банк картасының 20 таңбалы нөмірін қоса ұсынады. Содан кейін біздің мамандар ары қарай тексеріп, мәртебесі расталған жағдайда мәліметтер төлем жасайтын органға жіберілді.

Төлем алудың екінші жолы мынау: егер тұрғындар жоғарыда аталған байланыс нөміріне хабарласа алмағанда өзінің жақындарының көмегімен Павлодар қаласы әкімдігіне қарасты «Open Pavlodar» фронт-офисінің (Кривенко көшесі, 25-үй) 7-терезесіне барып, жоғарыда аталған құжаттарын өткізуіне болады. Содан кейін төлем өтініш берушілердің шотына автоматты түрде түседі. Еске сала кетейін, ол үшін арнайы банктен карта аштырудың керегі жоқ. Бұған дейінгі қолданыстағы шот нөмірлері жеткілікті.

— Еңбек қабілеті төмен азаматтарды сауықтыруға арналған төлемнің түрін Павлодар қаласы бойынша қанша адам алды? Төлем жасау қашанға дейін жалғасады?

— Жалпы, мұндай төлемнің түрі бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап беріліп келеді. Мақсаты – жаз уақытында түрлі дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар алуға қолдау көрсету. Яғни, көру қабілеті төмен адамдар көзіне арналған, құлағы естімейтін адамдар құлақ құрылғыларын алуы мүмкін. Бүгінгі таңда Павлодар қаласында 10 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрса, осы күнге дейін бұл әлеуметтік төлем 1500-ден астам адамға төленді. Әлі де келіп, өз әлеуметтік мәртебелерін растап, өтініш беріп жатқандар бар. Сондықтан алмаған адамдар жоғарыда аталған құжаттармен көрсетілген  мекенжайларға келуіне болады. 18 жастан асқан және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың бірде-біреуі ескерусіз қалмайды.

Ескере кетер тағы бір мәселе  бар. Біз тек Павлодар қаласында тіркеуде тұрған азаматтардың ғана өтінішін қабылдаймыз. Ал басқа ауданда және ауылдарда тұратын азаматтар өздері тіркеуде тұра-
тын қалалық немесе аудандық жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгінуі керек.

— Ақпаратыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.