1898 жылы бүгінде кеншілер мен теміржолшылар шаһарына айналған Екібастұздың негізі қаланып, 1957 жылы оған қала мәртебесі берілген болатын. Осы уақыт аралығында жергілікті жұртшылық талай қиындықты жұмыла еңсерді. Ал жергілікті билік тұрғындардың жайлы жағдайда өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасап келеді. Әсіресе, соңғы жылдары инженерлік-коммуникациялық, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына баса назар аударылып отыр. Қаланың өркендеп, мұндағы түйткілдердің тарқауы – Президент пен Үкіметтің де тікелей бақылауында.
Ел дамуында ерекше орынға ие
Осыдан төрт жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілген болатын. Соның аясында алдағы бес жылдық дамудың негізгі бағыттары белгіленді. Бұл бағытта атқарылған іс аз емес. Мәселен, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттылған 10-нан астам ірі жоба жүзеге асып, бірнеше инвестициялық жоба іске қосылып, мыңдаған жаңа жұмыс орны құрылды. Алдағы уақытқа белгіленген міндет пен меже де көп.
Жалпы, көпшілік Екібастұзды кеншілер шаһары ретінде таниды. Еліміз түгілі әлемдегі ірі көмір кеніштері осы қалада орналасқан. Жергілікті кеншілердің күшімен республикадағы қатты отынның 50 пайыздан астамы өндіріледі. Сол сияқты Қазақстандағы жылу-электр станцияларының шамамен 80 пайызы көмірмен қамтылады. Бұл дегеніңіз – еліміздегі әрбір екінші үй екібастұздық қатты отынмен жылытылады деген сөз.
Шаһардың электр энергиясы саласында да алатын орны айрықша. Әлемдегі ең биік мұржасы бар ГРЭС-2 және ГРЭС-1 станциялары елдегі электр энергиясының 25 пайыздан астам бөлігін өндіреді. Демек, екібастұздық энергетиктердің арқасында миллиондаған қазақстандықтың үйі жылы әрі жарық.
Соңғы жылдары шаһарда теміржол кластері де қарыштап дамып келеді. Мұнда тұтас кешенде кішкентай бөлшектерден бастап толыққанды жүк вагондарына дейінгі өнім шығарылады. Таяуда қазығы қағылған электрометаллургиялық кешеннің іске қосылуы бұл салаға тағы тың серпін беруі тиіс.
Жалпы, қала әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, бүгінгі таңда өңірде жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Олардың барлығы сәтті іске қосылған соң шаһарда жаңа 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Өнеркәсіппен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да ілгерілеу байқалады. Қазіргі таңда егістік алқабы 22 мың гектарға жуықтап, мал саны 193 мың басқа жетті. Бұл ретте суармалы егіншілікті дамытуға баса назар аударылып отыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мұндай алқаптың аумағы 2300 гектарға артты.
Екібастұз туралы сөз қозғағанда, инфрақұрылымдық мәселелерді атап өтпеу мүмкін емес. Осыдан үш жыл бұрын қақаған қыста, солтүстіктің сақылдаған сары аязында шаһардың жылусыз қалғанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Жергілікті биліктің дер кезінде атқарған кешенді шараларының нәтижесінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға қайта жылу беріліп, жағдай реттелді. Бұл жайт шаһарда инженерлік-коммуникациялық желілерге қатысты көп мәселенің қордаланып қалғанын көрсетті. Жергілікті билік жағдайдан сабақ алды. Нәтижесінде соңғы үш жылдың ішінде қалада бұрын-соңды болмаған жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым жақсарып, жолдарды қалпына келтіру, қалалық кеңістікті абаттандыру бағытында ауқымды іс атқарылды. Сандарды сөйлетер болсақ, 200 шақы-
рымнан астам инженерлік желі, 100 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделіп, 20 білім беру мекемесі жаңғыртудан өтті. Сондай-ақ, 160-тан астам аула аумағы абаттандырылып, 30 шақырым жарық желісі тартылды. Жыл соңына дейін барлық ауланы жарықпен қамту жоспарланып отыр.
Бұл – атқарылған іргелі істердің бір парасы ғана. Қаланы дамытуға бағытталған қысқа және ұзақмерзімді жоспарлар түзілді. Қала әкімі Аян Бейсекин бастаған жергілікті билік олардың уақытылы және сапалы орындалуы үшін еңбек етуге мүдделі.
Қаланың дамуы – тұрғындар еңбегі
Осындай жетістіктері бар Екібастұз қаласының жұртшылығы сенбі күні қала күнін кеңінен атап өтті. Түрлі мәдени, спорттық, сауықтыру шаралары ұйымдастырылды. Облыс әкімі Асайын Байханов батыр қала атанған шаһар тұрғындарын әлеуметтік желі арқылы айтулы күнмен құттықтады.
— Кеншілер қаласы — еліміздің энергетикалық жүрегі. Ол — бай тарихы мен болашағы зор қала және мұның барлығы сіздердің, яғни немқұрайлы қарамайтын еңбекқор тұрғындарының арқасы. Менің өмірлік жолым да осы қаламен тығыз байланысты. Мұнда менің туыстарым тұрады және жастық шағым осы қалада өтті. Сондықтан Екібастұздың жетістіктері мен одан әрі дамуы мен үшін аса маңызды. Туған күніңмен, Екібастұз! Әрбір үйде жылулық, жайлылық пен амандық болсын! – деп ізгі тілегін білдірді аймақ
басшысы.
Бұл күні негізгі шаралар легі «Өнер» мәдениет сарайының алаңында өтті. Салтанатты кешке жиналған қала қонақтары мен тұрғындарының қарасы көп болды. Жұртшылық алдында сөз алған Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин алып көмір алабында негізі қаланған шаһар Отанымыздың ірі өнеркәсіп ордасына айналғанын атап өтті.
— Бүгін жеңістер мен жетістіктерге бай Екібастұз тарихының тағы бір тармағы жазылып, жылнамасы айшықты сәттермен толықты. Өткен күнге зер салсақ, қаламыздың әр жылы қайталанбас елеулі сәттерге толы. Соңғы 68 жыл ішінде өңірдің әлеуеті мен экономикасы түрлі өзгерістерден өтті. Осы уақытқа дейінгі экономикалық жетістіктердің барлығын сіздерсіз — аянбай тер төгіп жүрген азаматтарсыз елестету мүмкін емес. Шаһар тарихы өз тағдырына айналған, даналық пен даңқтың үлгісі еңбек ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сіздер ел игілігі үшін еселі еңбек етіп, қаланың негізін қаладыңыздар. Екібастұз – еңбек пен өндірістің қуатын ұштастырған, сәні мен салтанаты келіскен қала. Оның дамуы мен көркеюі — өз қолымызда, — деді шаһар басшысы.
Бұл күні түрлі салада еңбек етіп, облыстық, республикалық және халықаралалық деңгейде алдыңғы қатарлардан көрініп жүрген азаматтардың есімі ерекше аталды. Олардың қатарында еліміздегі «Үздік ұстаз» мәртебесіне ие болған Махаббат Балтабекова, облыста алғашқы медициналық-әлеуметтік көмектің үздік дәрігері атанған Тілектеш Усинова, Диас Еренғайыпов, Софья Змазнева, Хадия Қонаева, Бектас Файзолла, Аделаида Пчелинцева, Кира Крухольская, Кристина Войцицкая, Санжар Садуов, Анатолий Пахандрин сынды спортшылар бар. Мемлекеттік наградалардың, «Шахтер даңқы», «Еңбек сіңірген энергетик» белгілерінің көптеген иегерлеріне де құрмет
көрсетілді.
Сонымен қатар, салтанатты кеш барысында Аян Уахитұлы өңірдің өркендеуіне, Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа сахна төрінде түрлі марапат — облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Екібастұз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, Екібастұз қаласы әкімінің Алғыс хатын табыстады.
Мерекелік шара концертпен жалғасты. Екібастұз қаласының өнерпаздары – «Нәзік» хореог-рафиялық ансамблі, «Орфей» вокалдық шеберлік студиясы, «Арман» үлгілі-эстрадалық ұжымы, «Нұршашу» хореографиялық ансамблі, ақын, композитор, әнші Қуат Құдайқұлов және басқа да таланттылар өнер көрсетті. Отандық эстрада өкілдері – Ғаділбек Жанай, Қазбек Құрайыш, «Заман» тобы, Тұрар, Kalifarnia мен Sadraddin кештің көрігін қыздырды. Концерт отшашумен және би кешімен аяқталды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
Екібастұз қаласы.