Заң үстемдігі — маңызды бағыт

Мау 19, 2025

Сот саласында 20 жылға жуық табысты қызмет етіп келе жатқан Мейрамгүл Абылғазина — заң мен әділдік жолындағы абыройлы судьялардың бірі. Ол бүгінге дейін өзінің кәсіби шеберлігімен, әділ шешімімен және адамгершілік ұстанымымен көптің құрметіне ие болып келеді.

Мейрамгүл Абылғазина Қазақ гуманитарлық заң университетін заңтану мамандығы бойынша 2008 жылы аяқтайды. Кейін құқықтану мамандығы және білім беру бағдарламасы бойынша заң ғылымдарының магистрі деген дәрежені иеленеді. Судья ретіндегі  еңбек жолын Павлодар аудандық сотында бастайды. Онда қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді қарап өзіне кәсіби тәжірибе жинақтайды. Кейін тек қылмыстық істерді қарау бойынша базалық сот – Павлодар қаласының №2 сотына ауысады. Қазір де бұл мекеме Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты болып аталады. Бүгінде осы мекемеде табысты еңбек етіп келеді.

— Құқық қорғау саласына деген қызығушылығым бала кезімнен қалыптасты. Жалпы, әділдіктің кепілі болу, қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету – мен үшін зор жауапкершілік әрі мәртебе. Сол себепті, судья мамандығын таңдадым. Судья үшін маңызды қасиеттер – әділдік, сабырлылық, бейтараптық және заңды терең білу. Сонымен қатар, эмоцияларды бақылау қабілеті, шешімді саналы түрде қабылдай білу және жоғары кәсіби жауапкершілік те аса маңызды. Әрине, өз күрделілігімен ерекшеленетін немесе эмоционалды жағынан ауыр тиетін істер болады. Бірақ ондай жағдайларда бейтараптылықты сақтаймыз. Өйткені олардың барлығы зор жауапкершілік пен дұрыс шешім қабылдауды талап етеді, — дейді ол.

Мейрамгүл Арыстанқызының айтуынша, судья жұмысының негізгі қағидаттарының бірі – бейтараптық.

— Процеске қатысушы тараптарға тең көзқараспен қарап, дәлелдер мен айғақтарға, заң нормаларына ғана сүйене отырып шешім қабылдау арқылы бейтараптықты сақтаймын. Жеке пікір немесе эмоция сот процесіне әсер етпеуі тиіс. Сондай-ақ, тараптардың мәртебесі немесе әлеуметтік жағдайы сот шешіміне әсер етпеуі керек. Ал сот жүктемесінің көп болуы, кей жағдайларда заңнаманың жетілмеген тұстары, азаматтардың құқықтық сауаттылығының төмендігі – жиі кездесетін қиындықтардың қатарында, — дейді М.Абылғазина.

Судья сот жүйесінде соңғы жылдары цифрландыру мен ашықтық артып келетінін атап өтті. Мәселен, электронды сот, онлайн отырыстар, сот актілерінің қолжетімділігі бұл әділ сотқа қолжетімділікті арттырды. Оған қоса, судьялардың тәуелсіздігін күшейту бағытында да бірқатар реформа жүзеге асқан

— Қазіргі таңда елде кассациялық соттар институты енгізілді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы Жарлығына сәйкес Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш дербес касса-циялық сот құрылды. Олар өз қызметін 2025 жылғы 1 шілдеде бастайды. Мұның өзі сот жүйесін жетілдіруге, елде ауқымды сот реформасының жүргізілуіне және құқықтық мемлекет жағдайында заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың тиімді тетіктерін енгізуге бағытталған, — деп атап өтті ол.

Мейрамгүл Арыстанқызындай парасатты, кәсіби судьялар еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуында, сот билігінің беделінің артуына зор үлес қосуда. Заң жолындағы адал еңбегі үшін оған қоғам алғысы шексіз.

Айдана БОРАНБАЕВА.