Өңірімізде ата, әке жолын жалғап, полиция қызметін таңдаған мамандар баршылық. Олар заң алдындағы антына берік болуымен қатар, алдыңғы буынның атына кір келтірмей, абыройлы қызмет атқаруға барын салады. Сондай үлгілі әулеттердің бірі – Тайтақовтар отбасы.
Әулеттің үлкені – Тайтақов Зупаш Билялұлы 1928 жылы 25 наурызда бұрынғы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданына қарасты Басқамыс ауылында туған. Кейін өзінің туған ауылындағы бастауыш мектепте ұстаздық қызметті бастап, кейін мектеп директоры болды. Одан соң Жаңаталап жетіжылдық мектебіне басшылық етті. Жалпы, білім саласында 11 жыл еңбек етті.
Зупаш Билялұлы еңбек жолын мемлекеттік қызметте жалғастырды. Алдымен Екібастұз қалалық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болса, кейін туған жерге оралып, Краснокутск ауданы коммунистик партия комитеті партиялық кабинетінің меңгерушісі қызметіне ауысты. Ал 1969 жылы осы аудандағы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды. Құқық қорғау органдарында табан аудармастан 17 жыл нәтижелі еңбек етіп, полиция майоры шенінде құрметті демалысқа шықты. Бұл жылдар аралығында қызметкерлерді қабылдау, олардың жұмысын үйлестіруге жауапты орынбасар ретінде ауқымды іс атқарды. Адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, салтанатты және спорттық іс-шаралар ұйымдастыру мәселесіне баса мән берді. Жалпы, кадр қызметкері сауатты маман ғана емес, жақсы психолог болуы керек. Өйткені, ішкі істер органдарының қызметіне үміткерлерді іріктеу – жауапты әрі маңызды іс. Түптеп келгенде, Зупаш Тайтақов талай мықты шәкірт тәрбиелей білді. Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін «Милиция үздігі» белгісімен, «ІІМ органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің барлық үш дәрежесімен, министрлік пен облыс деңгейіндегі басшылық тарапынан Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Зупаш Билялұлының жолын ұлы Сайдахмет Тайтақов жалғастырды. Ол 1956 жылы дүниеге келген. 1979 жылы Қарулы Күштер қатарында қызмет еткеннен кейін ішкі істер органдарына Ақтоғай АІІБ уақытша ұстау изоляторының милиционері лауазымына келді. Қызметін қатардағы жауынгерден бастап, старшина атағына дейін көтерілді. Құқық қорғау органдарында 22 жылдан астам уақыт адал қызмет етіп, 2001 жылы зейнетке шықты.
Атасы мен әкесінен құқық қорғау саласында адал қызмет етудің жарқын үлгісінен тәрбие алған Нұрғиса Зупашев та тағдырын полициямен байланыстырды. Ақтоғай ауданындағы №2 мектепті тәмамдаған соң сол тұстағы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жоғары білім алды. 2007 жылы Алматы қаласында ІІМ оқу орнына қабылданып, 2008 жылы құқық қорғау саласындағы қызметін бастады.
— Мен бала кезімде басқа достарым сияқты қандай да бір мамандық иесі атануды армандап, қаламаған екенмін. Дүние есігін ашқан сәтте-ақ полиция қызметкері болып туғандаймын (күліп). Себебі, атамның, әкемнің осы саладағы ерен еңбегін көріп, оларға қарап бой түзеп, ұқсағым келді. Бала кезден-ақ «Кім боласың?» деген сұраққа кідірместен «Полиция боламын» деп жауап беретінмін. Сол ойдың жетегімен білім алып, қалауыма жеттім. Тайтақовтар әулетінің абыройын биік ұстап, атам мен әкемнің атына кір келтірмес үшін адал қызмет етуім керек деп бірден өзіме серт бердім. Алдыңғы буын сияқты мен де басымды тік ұстап, елге адал қызмет етуді міндет санаймын, — дейді Нұрғиса Сайдахметұлы.
Бүгінде 20 жылға жуық еңбек өтілі бар, подполковник Нұрғиса Зупашев Ертіс аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарады. Бұған дейін Ақтоғай ауданында полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары болды. Өткен жылдың қараша айында Ертіс ауданына ауысып, қазіргі таңда учаскелік, патрульдік полиция қызметкері, көші-қон саласы, әкімшілік полиция, уақытша ұстау изоляторының жұмысын үйлестіреді. Тәулік бойы кезекшілік, жауапкершілігі зор қызмет, жұмыстың сан түрлі бағыты болғанына қарамастан, өз таңдауына өкінген емес.
— Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті — полицейге қажетті басты қасиеттер. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Біздің міндет — заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу. Тәртіп үшін заңнан мәртебелі ештеңе жоқ. Сондықтан әр тәртіп сақшысының бойынан адалдық пен кәсібилікті күтемін. Бұл салада білімді болумен қатар, бірді ғана емес, бірнешеуін жығатын білекті де болу шарт. Сонымен қатар, полицейлер үшін талап пен жігер қажет деп ойлаймын, — деп түйіндеді сөзін Н.Зупашев.
Бүгінде Нұрғиса Сайдахметұлы жары Айжанмен бірге Сәния, Санжар, Самир есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр. Қызметтің қауырт болғанына қарамастан, әкелік міндетін де орындап, балаларының тәрбиесіне баса назар аударады. О лардың да келешекте аталардың ізін жалғап, елге адал қызмет ететін азаматтар болғанын қалайды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.