Естай атындағы мәдениет сарайында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған өңірдегі өз ісінің білікті мамандары шақырылып, құрмет-қошеметке бөленді.
Мерекелік шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, аймақтағы ақ желеңділерді айтулы мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, ол әркез адам жанына араша болып жүрген дәрігерлердің қоғамдағы алар орны айрықша екенін атап өтті. — Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық медицина саласына үлкен әрі маңызды міндеттер жүктеп отыр. Осы жүйеде облысымызда көптеген еңбекқор, жалынды мамандар жұмыс істеуде.
Қастерлі кәсіп иесі дәрігер болу — мәртебелі таңдау. Сондықтан қажымас еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіріп, басымды иемін! Үмітке үміт жалғар өміріміздің шамшырағы – мына сіздер! Ендеше, саламатты ұлт қалыптастыру жолындағы еңбектеріңіз жанып, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіздер, — деді Асайын Байханов.
Өз сөзінде өңір басшысы денсаулық сақтау саласында қол жеткен жетістіктерді де атап өтті. Мәселен, өткен жылдан бері облысымызда 25 жаңа нысан бой көтерген. Биыл жыл соңына дейін тағы да 5 емдеу мекемесі ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар, медициналық мекемелерді жабдықтауға және жөндеуге қазынадан 7,5 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек, қала-аудандарға жоспарлы түрде санитарлық көліктер сатып алынып, медицина мамандарының алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасалуда.
Мерекелік шара барысында өңірдегі 8 үздік дәрігер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 5 маман Алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ, медицина саласында көп жыл еңбек еткен 9 адам «ҚР Еңбек ардагері», 11 ақ желеңді «ҚР Денсаулық сақтау ісіне үлес қосқаны үшін» және 12 дәрігер «ҚР Денсаулық саласының үздігі» төс белгілерімен наградталды. Сонымен қатар, медицина мамандары арасында ұйымдастырылған «Өз ісінің үздігі-2025» өңірлік байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда, «Павлодар облысының алтын скальпелі» аталымы бойынша №1 Павлодар қалалық ауруханасының травматолог дәрігері Руслан Сыздықов, «Павлодар облысының алтын фонендоскопы» аталымын облыстық балалар ауруханасының жан-сақтау бөлімінің меңгерушісі Қуат Арғынов, «Павлодар облысының өмір сыйлайтын алтын алақаны» аталымын Ақсу қалалық ауруханасының гинекология бөлімінің меңгерушісі Мұрат Текжанов алды. Ал «Алғашқы көмектің үздік дәрігері» аталымына алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Тілектес Усинова, «Медколледждің ең үздік оқытушысы» аталымына Әнел Мапитова лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Санитарлық-эпидемиологиялық саланың үздік дәрігері» атағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маманы Құралай Әбдірахмановаға бұйырды. Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен мүсіншелер табыс етілді.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Қуат АРҒЫНОВ, «Павлодар облысының алтын фонендоскопы» аталымының жеңімпазы:
— Бұл жетістік – еңбегімнің жемісі деп білемін. Әр саланың өз қиындығы бар. Ал балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде реаниматолог болып еңбек ету өте күрделі әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Себебі, біздің бөлімге жағдайы ауыр балалар түсетіндіктен, олардың өмірін сақтап қалу – дәрігерлерге сын. Осы жолдағы тынымсыз еңбегіміздің еленіп жатқанына қуаныштымын. Енді ары қарай медициналық білімімді жетілдіру үшін доктарантураға түсу жоспарым бар. Бар білімімді балаларды сауықтыру, өмірлерін сақтап қалу үшін жұмсайтын болатын.
Руслан СЫЗДЫҚОВ,
«Павлодар облысының алтын скальпелі» аталымының жеңімпазы:
— Мен облыс орталығындағы №1 қалалық ауруханада 30 жыл бойы үздіксіз қызмет істеп келемін. Медицина саласы жыл сайын қарқынды даму үстінде. Сондықтан біз де бір деңгейде қалып қоймай, әрдайым білім алып, тәжірибе жинап, заманауи жетістіктерді, саладағы озық технологияның тілін меңгерудеміз. Білгенімізді ізбасарларымызға үйретіп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге үндеудеміз. Осы жолдағы еңбе-гіміз еш кетпей, бүгінде марапатқа ие болып жатқаныма дән ризамын.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.