Еңбектері еленді

Шіл 3, 2025

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай отандық журналистика саласына зор үлес қосқан павлодарлық 6 әріптесіміз мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды.

Кәсіби мереке қарсаңында еңбегі еленген журналистерге облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, ол қаламгерлерді құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

— Сіздердің күнделікті жасап жүрген қажырлы еңбектеріңізді оқырмандар, көрермендер, тыңдаушылар ғана емес, мемлекет те жоғары бағалайды. Ел Президенті әрдайым журналистердің кәсіби қызметіне назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам дамуына қосқан үлесі мол екенін үнемі ризашылықпен атап өтеміз, – деді Серік Батырғожинов өз сөзінде.

Айта кетерлігі, мемлекеттік награда алғандардың қатарында облыстық «Saryarqa samaly» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев бар. Оның ұзақ жылдар бойы басылымның мазмұнды шығуына қосқан үздіксіз үлесі ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, дәл осындай медаль «Ирбис» телекомпаниясының арнайы тілшісі Артем Булановқа да берілді. Ал «Qazaqstan» РТРК»-ның Павлодар облыстық филиалы «Ertis» телеарнасының ардагері Райхан Жолдасоваға «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Сонымен қатар, «Еуразия» бірінші арнасының меншікті тілшісі Майя Шуақбаева «Құрмет» орденімен наградталды. Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы Роза Мұстафина мен Железин аудандық «Родные просторы» газетінің редакторы Асқар Ханенко «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Еңбектері еленген әріптестерімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.

Н.ШОДЫР.